Қоғам

Елімізде 100 мың гектар аумақта жасанды ормандар құрылады

Сурет: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Private Company «First Carbon Group Ltd.» орман-климаттық жобалар мен көміртек бірліктері саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжат орман екпелерін құру, деградацияға ұшыраған жерлер мен экожүйелерді қалпына келтіру, парниктік газдардың сіңірілуін арттыру, көміртек бірліктерін қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық климаттық және инвестициялық қаржыландыруды тарту жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негізді қалыптастырады.

Осы меморандум аясында кейіннен ауқымын кеңейту мүмкіндігімен шамамен 100 мың гектар жерге жасанды ормандар отырғызу көзделуде.

Жалпы, «Орталық Азияның Жасыл белдеуі» бастамасын іске асыру шеңберінде еліміздің аумағында 1 млн гектардан астам жерде орман екпелерін құру жоспарлануда.

Аталған бастаманы жүзеге асыру Қазақстанның орман шаруашылығын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай тәсіл инвестициялар тарту есебінен орман алқаптарын ұлғайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.

Меморандумға қол қою Қазақстанда орман-климаттық жобаларды іске асырудың жүйелі тәсілін қалыптастыру жолындағы қадамдардың бірі. Бұл ретте орман экожүйелерін қалпына келтіру және кеңейту табиғатты қорғау, климаттық және инвестициялық міндеттерді қатар қамтитын бағыт ретінде қарастырылады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында экология мәселесінде таңдаулыларға басымдық беру әбестік екенін айтты.

Көп оқылғандар