Сурет: Видеодан скринделген
Ұлттық құрама шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Бернли» сапындағы алғашқы негізгі құрамдағы ойыны жайлы пікірін айтты. Бұл туралы ол ҚФФ баспасөз хатшысы Әлімжан Тасболатұлына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Футболшы жаңа командаға бейімделу барысын да тілге тиек етті. Сәтпаевтың сөзінше, «Бернли» ойыншылары оны жылы қабылдаған.
«Жалпы, команда мені өте жақсы қабылдады. Жігіттердің бәрі бауырмал, достық қарым-қатынаста. Негізінен үнемі не керектігін сұрап, әрдайым қолдау көрсетеді. Тіпті бәрі жақсы білетін Кайл Уокер де үнемі қолдап жүреді», деді Дастан Сәтпаев.
Ұлттық құрама шабуылшысы «Брэдфорд Ситиге» қарсы ойынға қатысты пікір білдірді. Футболшы ойынды негізгі құрамда бастап, 80-минутта Якоб Бруун Ларсенмен алмасты.
«Бүгінгі ойынға келсек, барлық мүмкіндікті пайдалана алмадық. Негізгі уақытта көптеген жақсы сәттер болды, бірақ сол мүмкіндіктерді жүзеге асыра алмадық. Ал пенальти – бұл лотерея. Енді әрі қарай дайындаламыз. Алғашқы ойында жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтуіміз керек еді. Бапкер де бұл ойынды жеңуіміз керек болғанын айтты. Өйткені бұл Лига 1-дің командасы. Бірақ болар іс болды», деді Сәтпаев.
Сондай-ақ ол лигадағы ойын кестесіне тоқталып, матчтар көп болғанымен, қазіргі жаттығу режимі қалыпты екенін айтты.
«Ойын кестесі өте жақсы. Ойын уақыты да жеткілікті. Қазір жаттығулар сәл азырақ, сол себепті жалпы бәрі қалыпты. Қарқын өте жоғары, бұл өте жақсы», деді Дастан Сәтпаев.
Еске салайық, 14 тамызда Дастан Сәтпаев ресми түрде «Челси» құрамына еніп, «Бернли» клубына жалға берілді. Ал 23 тамызда қазіргі командасында дебют жасады. Күні кеше отандасымыз «Брэдфорд Ситиге» қарсы матчта алаңға шықты.
