Сурет: Instagram.com/bibisarachess
Шахматшы Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өтіп жатқан WR Women’s Chess Tour 2026 супертурнирінің блиц кезеңіндегі ойындарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Спортшы финалдық кезеңге дейінгі ойынның оңайға соқпағанын атап өтті.
«Блиц аяқталды. Финалға мінезімнің арқасында жеттім деуге болады, өйткені ойыным онша жүрмеді. Мария Музичукпен екі партияда да қайтадан есепті қуып жетуге тура келді. Тек армагеддонда қара түспен ойнап жеңіске жеттім. Ал үшінші матчта Музичук минималды есеппен жеңілді», деп жазды Асаубаева Telegram-арнасында.
Сонымен қатар гроссмейстер 2026 жылғы қарашада өтетін Гранд-финалға жолдама алғанын хабарлады. Турнир 10-21 қараша аралығында Мажарстанның Будапешт қаласында өтеді.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева Францияның Сен-Тропе қаласында өтіп жатқан WR Women’s Chess Tour 2026 супертурнирінің еуропалық кезеңінде рапид бойынша жеңімпаз атанды. Ол жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша 5,5 ұпай жинады.
