Жайық news

Оралда екі әнші дәстүрлі әннен рекорд орнатты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Орал қаласында «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов дәстүрлі ән айтудан рекорд жаңартты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жасы 74-тен асқан Хатимолла Жәңгірұлы Мұхит ән мектебінің көрнекті өкілі ретінде ғана емес, айтыскер ақындығымен және жампоз жыраулығымен де танымал. Бұл жолы ол қазақтың дәстүрлі ән өнерінің жауһарларын түрлі тілде, түрлі жанрда домбыра, баян, күйсандық аспаптарының және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен сахнада жеті сағатқа жуық тоқтаусыз 120 ән орындап шықты.

Ал оның әріптес інісі, сахна саңлағы Қайрат Кәкімов тек домбыраның сүйемелдеуімен 132 дәстүрлі әнді орындады. Бұл өнер марафоны алты сағаттан астам уақытқа созылды.

Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармонияның 60 жылдығына арналған қос концерт «Атамекен» өнер сарайында екі күнге жалғасты.

Филармония директоры Бауыржан Халиолланың идеясымен өткен шараның рекордтық көрсеткішін саралайтын арнайы комиссия құрамында Азия мен Африка елдері бойынша «Global Best Records» әлемдік рекордтар кітабының бас тіркеуші офицері Қуандық Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, эпик жыршы, фольклортанушы ғалым, жобаның ұйымдастырушы-координаторы Берік Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, айтыскер ақын, әнші, термеші, композитор Жәкен Омаров болды.

Тарихи шараны көруге еліміздің әр өңірінен дәстүрлі ән, жыр, терме, айтыс өнерінің көрнекті өкілдері арнайы келді. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Қапаш Құлыш, 102 әнді тоқтаусыз орындап рекорд жаңартқан дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев, 114 әнді үздіксіз орындап рекорд орнатқан дәстүрлі әнші Бақыт Шағырбаев, Бесқала жыршылық мектебінің өкілі, жыршы-термеші Аманқос Садықов, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, қобызшы-күйші Саян Ақмолда, дәстүрлі әнші, өнертанушы Амангелді Күзеубай, Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбеков, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Нияз, дәстүрлі әнші Армат Ислямғалиев бар.

Кеш қорытындысында Хатимолла Бердіғалиевке Азия мен Африка елдері бойынша «Global Best Records» әлемдік рекордтар кітабының «Ең жасы үлкен дәстүрлі ән орындаушы» сертификаты мен статуэткасы, ал Қайрат Кәкімовке жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартқанын растаған арнайы төсбелгі табысталды.

Қос әншіге «HALYK» банкі атынан қос автокөліктің кілтін «Halyk» қайырымдылық қоры» жеке қорының бас директоры Сағынбек Шункеев табыс етті. Сонымен қатар, Қазталов және Сырым ауданы әкімдері қазақ өнерін көкке көтерген қос жерлесіне ат мінгізді.

Көп оқылғандар