Сурет: ті түсірген Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Орал қаласында бүгін «Дала дәмі» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 70-тен астам ауылшаруашылық құрылымы қатысып, 250 тоннадай көкөніс және бау-бақша өнімін қалалықтарға базар нарқынан төмен бағаға ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мұстақым Ықсанов атындағы көше бойы әр сенбі сайын қызу қарбаласқа толады. Бұл жәрмеңке облыс орталығында азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылдың басынан бері тұрақты өтіп келе жатыр. Бұл халыққа да, жер емген шаруаға да тиімді: жергілікті тауар өндірушілер өз өнімін делдалсыз, тікелей тұтынушыға сатады. Оларға сату орындары тегін беріледі. Арада делдал болмаған соң халық та арзан азық-түлікке қарық болады. Мұндағы баға базар нарқынан әжептәуір арзан екенін өз көзімізбен де көрдік.
«Былтыр облыс аумағында тұтынушы мен өндірушіні осылай тікелей жолықтыратын 596 жәрмеңке өткіздік. Орал қаласында 2025 жылдың наурыз айынан бастап желтоқсан айының соңына дейін сенбі сайын Ықсанов көшесінде, жексенбіде Жәңгір хан сауда үйінің алаңында өтіп тұрды. Аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде де осындай жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Бұл үрдіс биыл да жалғасты. Бүгін – 399-ыншы жәрмеңке өтіп жатыр. Жыл соңына дейін оның санын 600-ге жеткіземіз», дейді Батыс Қазақстан облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова.
Бір ерекшелігі, бүгінгі жәрмеңке еліміздің Сауда және интеграция министрлігі бекіткен «Дала дәмі» тұжырымдамасы бойынша ұйымдастырылған екен. Оның мәнісі – жергілікті бау-бақша өнімдерін алқаптан ешқандай делдалсыз бірден сауда сөресіне жеткізу. Сол үшін тікелей шаруа қожалығы өкілдерімен, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен келісім-шарт түзіліп, оларға тегін орын, жақсы жағдай жасалған.
«Дала дәмі» жәрмеңкесінің барысын өңір басшысы Нариман Төреғалиев, Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов т.б. жауапты тұлғалар аралап көріп, халықпен тілдесті. Сауда сөресінің екі жағында да ұйымдастырушылар тарапына алғыс айтылып жатты.
«Біздің департамент мамандары ерекше қадағалайтын бір ереже бар: әр сөреде тауардың бағасы жазылып тұруы керек. Осы талапты сақтамағаны үшін өткен тамыз айында 3 кәсіпкерге айыппұл салынды. Мұның бәрі күнделікті қажет азық-түлік бағасының жөнсіз өсуіне тоқтау салады», дейді Эльмира Нұрқызы.
