Жайық news

Оралда «Адалдық әлемі» балалар сурет байқауының қорытындысы шығарылды

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласында мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері арасында «Адалдық әлемі» сурет байқауының қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Байқауға қатысқан балалар адалдық, әділдік, достық және жауапкершілік сияқты адамгершілік құндылықтарды сурет арқылы жеткізді. Көрмеге 50-ден астам сурет қойылды. Балалар өз туындыларында жақсылық, өзара көмек және айналасындағыларға адал қарым-қатынас туралы түсініктерін бейнеледі.

Байқаудың ерекшелігі – әр қатысушы өз жұмысын жеке таныстырып, оның мазмұнын түсіндіре алды. Тәрбиешілерімен бірге балалар қандай ойды жеткізгісі келгенін және неліктен сол тақырыпты таңдағанын айтып берді. Мұнда тек көркемдік нәтиже ғана емес, баланың адамгершілік ұғымдарды өз бетінше түсіну мүмкіндігі де маңызды болды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды №37 «Жұлдызай» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Айым Зейнедан иеленді. Екінші орын №44 «Мерей» бөбекжай-бақшасынан Амина Омаргалиге, үшінші орын №23 «Шамшырақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі Шахназ Жарасқа бұйырды. Қазылар алқасы арнайы номинациялар бойынша да жұмыстарды атап өтті. Көрермендер көзайымы жүлдесін №17 «Ақжелкен» бөбекжай-бақшасынан Марғұлан Қадыр алды. «Шығармашылық көзқарас» номинациясында №47 «Бәйтерек» бөбекжай-бақшасынан Асылым Адеубек жеңімпаз атанды. Адалдықты бейнелейтін үздік сурет ретінде №3 «Зерде» бөбекжай-бақшасынан Аделя Отегенованың жұмысы танылды. Үздік идея үшін №48 «Мұрагер» бөбекжай-бақшасынан Фатима Ержанқызы марапатталды, тағы бір арнайы номинацияда №50 «Заңғар» бөбекжай-бақшасынан Ару Утегенова атап өтілді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапаттарға ие болды.

Көрме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен басшы орынбасарлары үшін ұйымдастырған түсіндіру іс-шарасының бөлігі болды. Оған департамент басшысы Мұрат Байсалов пен облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин қатысты. Жиында мектепке дейінгі ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ескерту, заңнаманы сақтау, басқарушылық шешімдердің ашықтығы және басшылардың жауапкершілігі талқыланды.

Қатысушылар алдында сөйлеген М. Байсалов адалдық, әділдік және жауапкершілік негіздерін ерте жастан қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құндылықтар «Адал азамат» тұжырымдамасында көрініс тауып, ең алдымен отбасында қалыптасып, мектепке дейінгі ұйымдарда одан әрі дамиды. Ересектердің жеке үлгісінің маңызы зор екенін айтты. Балаларға адалдық пен әділдікті жай түсіндіру жеткіліксіз – олар бұл қасиеттерді ата-аналарының, тәрбиешілердің және айналасындағылардың күнделікті іс-әрекетінен көруі керек.

Көп оқылғандар