Жайық news

Оралда 50-ден астам көше жөнделеді

Сурет: Жайық Пресс

Облыс әкімі Нариман Түрегалиев Орал қаласындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Биыл сегіз жоба аясында шамамен 16 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспарланған учаскелердің жартысынан астамында жұмыс аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әкім алдымен Школьная көшесіндегі жұмыс барысын қарады. Ұзындығы шамамен бір шақырым болатын жол төсемін жаңарту кезінде сапаны арттырып, пайдалану мерзімін ұзартуға бағытталған заманауи технология қолданылған.

Облыс басшысы тұрғындармен әңгімелесіп, атқарылып жатқан жұмыстар халық игілігі үшін екенін атап өтті. Ол оралдықтарды жауапкершілік танытып, өз үйлеріне жақын аумақтардың тазалығын сақтауға шақырды.

– Барлығымыз қаланы абаттандыруға үлес қосуымыз керек. Жазда аулаларды арамшөптен, қыста қардан тазарту қажет. Өкінішке қарай, бұған тиісті көңіл бөлмейтін отбасылар бар. Мемлекет жеке сектор аумақтарынан қар шығарумен айналыспауы тиіс. Үй иелері бұл мәселеге жауапкершілікпен қараса, бұл тек тазалықты сақтауға ғана емес, су басу қаупін азайтуға да мүмкіндік береді, – деді Н. Түрегалиев.

Сыбаға көшесінде ұзындығы 895 метр жол учаскесі жаңартылды. Бұл жоба бойынша жұмысты «Ануш құрылыс» компаниясы орындады.

Каримуллин атындағы көшеде ұзындығы шамамен 1,5 шақырым жол учаскесіне орташа жөндеу аяқталуға жақын. Облыс әкімі қала билігіне бизнес нысандарына жанасатын аумақтарды ұстау және тазалау бойынша кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырды.

Құқық қорғау органдарының өкілдері қалада бейнебақылау жүйелері мен жылдамдықты бақылау құрылғылары орнатылғанын хабарлады.

Барлығы Оралда 50-ден астам көшені жаңарту жоспарланған. Бүгінгі күні ағымдағы жөндеу 30-дан астам көшеде жүргізілді.

Көп оқылғандар