Жайық news

Орал NIS оқушылары NASA хакатонының аймақтық кезеңінде жеңіске жетті

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «NASA Space Apps Challenge – 2026» халықаралық хакатонының аймақтық кезеңінде бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жас инженерлер мен бағдарламашыларды біріктіретін бұл байқау ғарыш пен Жер туралы ғылымдар саласындағы ең ірі халықаралық инновациялық конкурстардың бірі саналады. Биылғы аймақтық кезеңге Батыс Қазақстан облысынан 22 команда қатысып, өз идеялары мен технологиялық шешімдерін ұсынды.

Мектеп намысын Бекарыс Махсот, Аслан Нуржан, Санжар Успанов, Мерей Бектенов, Алихан Мурзахметов және Сауран Гилым лайықты қорғап, турнирдің абсолютті көшбасшысы атанды.

Жас зияткерлер қазылар алқасы мен көпшілікке балалар мен жасөспірімдерді астронавтикаға баулуға бағытталған «First Outpost» атты инновациялық жобасын таныстырды. Бұл — ойын элементтері арқылы күрделі ғарыш заңдылықтары мен астрономиялық ұғымдарды қызықты әрі түсінікті түрде жеткізетін интерактивті білім беру 3D-симуляциясы. Жоба оқушыларды ғылымға тартып, виртуалды ғарыш әлеміне жол ашады.

Аймақтық кезеңде үздік атанған жас өнертапқыштардың келесі мақсаты — «NASA Space Apps Challenge – 2026» хакатонының халықаралық кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, Қазақстанның зияткерлік әлеуетін әлемдік аренада дәлелдеу.

Көп оқылғандар