Әлем

Олимп тауы, Нормандия жағажайлары және Ташкент ЮНЕСКО тізіміне енді

Сурет: Pexels

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитеті Олимп тауын, Нормандиядағы десант жағажайларын, Италияның тарихи театрларын, Ташкенттің заманауи сәулет ансамблін және басқа да нысандарды Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Шешім Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен комитеттің 48-сессиясында қабылданды. Олимп тауы бірегей әмбебап құндылығы бар табиғи және мәдени мұра ретінде танылды. Грекия үшін бұл көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды.

Олимп — Грекиядағы ең биік тау, ең биік шыңы 2918 метр. Ежелгі грек мифологиясында бұл тауда Зевс бастаған 12 олимпиялық құдай өмір сүрген. Тау биоалуантүрлілігімен, сирек өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен және археологиялық ескерткіштерімен ерекшеленеді.

Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис ЮНЕСКО шешімін маңызды оқиға деп атады. Ол Олимптің енді бүкіл адамзаттың ортақ мұрасы ретінде танылғанын және оны ерекше қорғау қажет екенін айтты.

Сол сессияда Нормандиядағы одақтастардың десант жағажайлары да тізімге енді. Сарапшылар Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған бекіністер, ұрыс іздері мен суға батқан кемелердің тарихи маңызын атап өтті.

Сонымен қатар, Жапониядағы Асука және Фудзивара астаналары, Оңтүстік Судандағы Бома-Бандингило табиғи өңірі, Италияның Марке өңіріндегі тарихи театрлар, Франциядағы Лангедок корольдік қамалдары, Финляндиядағы Алвар Аалтоның сәулет туындылары, Берлиндегі Целендорф елді мекені, Ирандағы Аламут қамалы, Сан-Томе және Принсипидегі тарихи плантациялар және Ташкенттің заманауи сәулет ансамблі де мәртебеге ие болды.

Бұл шешім ЮНЕСКО-ның халықаралық қорғауындағы нысандар қатарын толықтырды. Айта кетейік, Маңғыстаудың жартасты мешіттері де (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) осы сессияда тізімге енгізілді.

Көп оқылғандар