Сурет: Үікмет, телеграм
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында E-Notary цифрлық платформасын іске қосу жоспарын жария етті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрлік Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы сервистердің кемшіліктерін жою, ашықтықты арттыру және нотариаттық іс-қимылдарға бақылауды күшейту үшін бұл платформаны енгізбек.
«Платформада нотариустың әрбір әрекеті тіркеліп қана қоймай, алғаш рет нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендірудің интеграциясы көзделетін болады, бұл есепке алу деректерін заңсыз пайдалануды болдырмайды және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады. Енді азаматтар платформада жеке кабинет аша алады, сол арқылы олардың қатысуымен жасалған барлық нотариаттық іс-әрекеттерді бақылайды. Қажет болған жағдайда нотариустардың заңсыз іс-әрекеттеріне қарсылық білдіре алады», деді министр.
Сонымен қатар, платформада атқарушылық жазбалар жасауға өтінімдерді автоматты түрде бөлу қарастырылған. Бұл мамандардың жүктемесін теңестіріп, өндіріп алушының нотариусты таңдау мүмкіндігін шектеп, олардың арасындағы сөз байласу қаупін азайтады.
«Ұсынылған құжаттарды талдау, ықтимал тәуекелдерді анықтау және ұсынымдарды қалыптастыру үшін E-Notary жасанды интеллект элементтерімен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте барлық нотариаттық іс-әрекеттерді жасау жөніндегі түпкілікті шешім тек нотариуста қалады», деді Ерлан Сәрсембаев.
Пилоттық жобаның нәтижесіне қарай, жүйені биылғы жылдың соңына дейін бүкіл елге тарату жоспарлануда.
Мазмұнға өту
