Categories Қаржы

Несие төлемін жеңілдететін жаңа жүйе іске қосылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

1 шілдеден бастап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Бірінші кредиттік бюро Finkelisim.kz платформасын іске қосты. Бұл жүйе бірнеше кредитор алдындағы кепілсіз тұтынушылық несиені бір жерден қайта реттеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа жүйе қарыз алушы мен кредитор арасындағы байланысты жеңілдетіп, төлем тәртібін біріздендіруді көздейді. Платформа ең алдымен бірнеше қаржы ұйымының алдында берешегі бар азаматтарға арналған. Бұған дейін мұндай жағдайда әр банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке жеке-жеке өтініш жазуға тура келетін. Енді барлық өтініш бір жүйе арқылы қабылданып, кредиторлардың қатысуымен бірыңғай шешім әзірленеді.

Жаңа мүмкіндікке екі немесе одан да көп кредитор алдында кепілсіз тұтынушылық несиесі бар, төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтар жүгіне алады. Сонымен қатар жалпы берешек көлемі 648 750 теңгеден 6 млн 920 мың теңгеге дейін болуы қажет. Тағы бір маңызды талап – қарызға қатысты сот шешімі шықпаған әрі мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі басталмаған болуы керек.

Ал ипотекалық қарыздар, автонесиелер, кәсіпкерлік мақсатта алынған несиелер, алаяқтық арқылы рәсімделген қарыздар, банкроттық рәсіміндегі берешектер бұл жүйеге енгізілмейді. Платформа қарызды кешірмейді әрі оның көлемін азайтпайды. Негізгі мақсаты – төлем қабілеті уақытша төмендеген азаматқа барлық кредитордың қатысуымен жаңа төлем кестесін ұсыну. Егер келісімге қол жеткізілсе, қаражат бірнеше ұйымға емес, бірыңғай бекітілген кесте арқылы өтеледі. Бұл азаматтың қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, төлемдерді бақылауды оңайлатады.

Тәртіпте берешекті өтеу мерзімі 5 жылға дейін, ал әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 7 жылға дейін ұзартылуы мүмкін. Платформа арқылы медиатордың көмегіне де жүгінуге болады. Оның қызметі ақылы болғанымен, 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін бұл шығынды банк және микроқаржы омбудсмендері өтейді. Жүйеде қарыз алушы өтінішінің қаралу барысын онлайн бақылай алады, ал кредиторлар ортақ шешімді бірыңғай цифрлық алаңда қабылдайды. Алайда бекітілген төлем кестесі сақталмаса, 40 күннен кейін кредиторлар берешекті заң аясында өндіріп алу рәсімін қайта бастауға құқылы.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін бағалайтын Gender Index платформасы әзірленеді

Қазақстанда әйелдердің экономикадағы рөлін бағалауға арналған Gender Index аналитикалық платформасы әзірленбек. Бұл мемлекеттік саясатты жетілдіруге…

«Халық бухгалтері» акциясы 60 мың кәсіпкерге тегін көмек көрсетті

Қаржы министрлігі кәсіби бухгалтерлік ұйымдармен бірлесіп, 2026 жылдың 5 қаңтары мен 30 маусымы аралығында өткен…

2-5 пайыздық ипотеканы қалай алу керек?

«Отбасы банк» жылдық 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген тұрғын үй несиесіне өтінім қабылдауды…