Әлем

Непалдағы су тасқынынан қаза тапқан 200-ден астам адам жерленді

Сурет: ашық дереккөзден

Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандардың саны артып келеді. Полицияның мәліметінше, 29 тамыз сағат 16:00-дегі жағдай бойынша құтқарушылар 669 адамның денесін тапқан. Тағы 2301 адам жарақат алып, құтқарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қаза тапқандардың ең көбі Читван ауданында тіркелді – мұнда 248 адамның денесі табылды. Бұған дейін Непал билігі 626 адамның қаза болғаны және шамамен 2,5 мың адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы мәлімдеген еді. Қытай аумағында да қаза тапқандар туралы ақпарат тараған, ал 554 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған.

Читван ауданындағы жағдай аса ауыр. Мұнда 248 адамның денесі табылды. Ауқымды қирау мен судың ұзақ уақыт әсер етуі көптеген мәйіттің жағдайын қатты нашарлатып, оларды анықтауды қиындатып отыр.

Бұған дейін ауданда 233 адамның денесі табылған болатын. Осыдан кейін билік тұлғасы анықталмаған құрбандарды жерлеуді бастады. Мамандар ДНҚ үлгілерін алып, мәйіттерге сәйкестендіру нөмірлерін бергеннен кейін 229 адамның денесі жер қойнына тапсырылды.

Жағдайды судың қаза тапқандардың денелерін едәуір қашықтыққа ағызып әкетуі де қиындатып отыр. Непалдың сыртқы істер министрі Шисир Ханал кейбір мәйіттер адамдар су тасқынына дейін болған жерден шамамен 100 шақырым қашықтықтан табылуы мүмкін екенін айтты.

Непалдың Kathmandu Post газеті құтқарушылар өзендердің бойынан тек бүтін мәйіттерді ғана емес, дене мүшелері – аяқ-қолдар мен дене бөліктерін де тауып жатқанын хабарлады.

Навалпараси-Ист ауданында бұған дейін 154 адамның денесі табылған. Олардың 49-ының тіпті жынысын анықтау мүмкін болмаған. Сондықтан тергеушілер тұлғаны анықтау үшін қолда бар барлық белгілерді – киім-кешек, әшекей бұйымдар, саусақ іздері мен татуировкаларды пайдалануда. Бұл әдістер нәтиже бермеген жағдайда мамандар генетикалық сараптама жүргізеді.

Табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда 4854 полиция қызметкері жұмыс істеп жатыр. Тағы 27 полицеймен байланыс үзілген.

Шетел азаматтарын іздеу де жеке мәселе болып отыр. Полиция мен табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі ұлттық басқарманың мәліметінше, 29 тамыз кешке дейін Бхоте-Коси және Тришули өзендерінің тасуынан зардап шеккен аудандардан 261 шетел азаматы мен турист құтқарылды. Тағы 320 адаммен байланыс жоқ.

Құтқарылғандардың арасында Үндістанның 167 азаматы, Қытайдың 40 азаматы және Украинаның сегіз азаматы бар. Бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен үш Қазақстан азаматы туралы да ақпарат тараған еді.

Сондай-ақ табиғи апат гидроэнергетикалық нысандар орналасқан аумақтарды су басуына себеп болды. Кіреберістері лай, тас және өзен шөгінділерінің қабаттарымен бітеліп қалған тоннельдерге кіруге тырысқан құтқарушылар елеулі техникалық қиындықтарға тап болды.

Су тасқыны Непал мен Тибет шекарасы маңында мұздықтың ауқымды опырылуынан кейін болған. Су Бхоте-Коси және Тришули өзендерімен төмен қарай ағып, жаппай қирауға әкелді және зардап шеккен аудандардағы көлік қатынасын бұзды.

Естеріңізге саламыз, Қазақстаннан барған үш туристі іздеу жұмыстары жалғасуда. Қазақстандық дипломаттар Непал мен Қытайдың мемлекеттік органдарымен бірлесіп, іздеу жұмыстарына қатысып жатыр.

Көп оқылғандар