Сурет: BILD
Непалдағы жойқын су тасқынынан кейін құтқарушылар жүздеген адамның жеке басын анықтай алмай отыр. Кейбір мәйіттердің кім екені белгісіз болып қалуы ықтимал, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Непал полициясының дерегінше, 29 тамыздағы жағдай бойынша 626 адамның мәйіті табылған. Шамамен 2,5 мың адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында тұр. Қытай аумағында да қаза тапқандар бар, 554 адам іздестірілуде.
Ең ауыр жағдай Читван ауданында қалыптасқан. Мұнда 233 адамның мәйіті табылды. Мәйіттердің көпшілігі шіри бастағандықтан және оларды салқындату мүмкіндігі болмағандықтан, жеке басы анықталмаған құрбандарды жерлеу басталды. Nepal News мәліметінше, 229 адам жерленген. Жерлеу алдында мәйіттерден ДНҚ үлгілері алынып, сүйектерге сәйкестендіру нөмірлері берілді.
Құрбандардың жеке басын анықтауды қиындатып отырған тағы бір жайт – олардың көпшілігін су ағыны шамамен 100 шақырымға алып кеткен. Бұл туралы Непалдың сыртқы істер министрі Шисир Ханал Reuters агенттігіне мәлімдеді. Көптеген мәйіт бұзылып кеткен.
Жағдайдың күрделілігін непалдық Kathmandu Post газетінің зерттеуі де растайды. Құтқару қызметтері өзендердің бойынан бүтін мәйіттермен қатар, адам денесінің бөлшектерін де тауып жатыр.
Тек Навалпараси-Ист ауданынан 154 адамның мәйіті табылған. Kathmandu Post мәліметінше, олардың 49-ының әйел немесе ер адам екенін анықтау мүмкін болмаған.
Сондықтан тергеушілер марқұмдардың киімдерін, әшекей бұйымдарын, саусақ іздері мен татуировкаларын зерттеп жатыр. Егер осы тәсілдер арқылы жеке басын анықтау мүмкін болмаса, соңғы үміт – ДНҚ сараптамасы болмақ.
