Қаржы

Министрлік ғылыми мақаланы тапсырыспен жазу қызметіне қатысты пікір білдірді

Сурет: istockphoto.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі Scopus базасына енетін және Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарға жариялау үшін ғылыми мақалаларды «кілтпен» жазып беру қызметтерінің жарнамасына байланысты қоғамда туындаған пікірталасқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік диссертациялық зерттеу нәтижелерін Scopus және Web of Science дерекқорларына енгізілген халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жариялау – әлемдік ғылыми тәжірибеде қалыптасқан талап екенін еске салды. Журналды таңдау оның ғылыми бағытына, беделіне, баспасына, редакциялық алқасының құрамына және индекстелу тарихына қарай саналы түрде жасалуы керек.

«Жас зерттеушілер мақала жолдамас бұрын журнал туралы ақпаратты өздері тексеріп, «жариялауға кепілдік береміз» деген анонимді жарнамаларға сенбеуі керек», делінген министрліктің хабарламасында.

Ведомство ғылыми мақаланы сатып алу зерттеушіге көмек болып саналмайтынын да мәлімдеді. Тапсырыспен жазылған ғылыми мақалалар – көмек емес, академиялық этиканы бұзу. Ғылыми мақала жарияланым талабын формалды орындау үшін сатып алынбауы, автордың өз зерттеуінің нәтижесін көрсетуі тиіс. Сондықтан зерттеушілер мұндай ұсыныстарға мүлде төзбеуі қажет.

Министрлік Scopus журналдарында жариялану міндетті түрде ақылы болады деген пікірге де түсінік берді. Жарияланым құны журналдың жұмыс моделіне байланысты. Ашық қолжетімділік (Open Access) журналдарында мақаланы барлық оқырман еркін пайдалана алуы үшін жариялау ақысын автор төлейді. Ал жабық қолжетімділік журналдарында шығынды жазылушылар өтейтіндіктен, автор үшін жарияланым тегін болуы мүмкін.

Министрліктің түсініктеме беруіне ғылыми жұмыстарды «кілтпен» жазып беру туралы хабарландырулар төңірегіндегі қоғамдық пікірталас себеп болған. Отандық зерттеуші Амина Амутова физика саласы бойынша ғылыми жұмыс жазып беруді ұсынған жарнама авторының өзінің ғылыми жарияланымдары жоқ екенін және PhD диссертациясын әлі қорғамағанын айтты. Соған қарамастан, оның байқауынша, мұндай қызметтер ғылыми дәреже ізденушілері арасында зор сұранысқа ие.

Көп оқылғандар