Қоғам

Мектептерде ТЖБ орнына аралық бағалау енгізіледі

Сурет: istockphoto.com

Қазақстан мектептерінде тоқсан соңындағы жиынтық бағалау тәртібі өзгереді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Вице-министрдің айтуынша, формативтік бағалау оқушының күнделікті оқу барысындағы жетістіктерін көрсетсе, аралық бағалау белгілі бір оқу бөлімі аяқталғаннан кейін меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылауға бағытталады.

Жаңартылған тәртіп бойынша тоқсан соңында бұрынғыдай бөлек ТЖБ өткізілмейді. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесі аралық бағалау арқылы анықталады. Сондай-ақ тоқсан соңында бұған дейін бағаланған бөлімдерді қайта қамтитын жеке жиынтық жұмыс жүргізілмейді.

«Нәтижесінде тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарының саны бір жұмысқа қысқарады. Бұл білім алушының бағалау жүктемесін оңтайландырады және педагогтің ТЖБ тапсырмаларын бөлек әзірлеу, өткізу және тексеруге жұмсайтын уақытын қысқартады», деді Шынар Ақпарова.

Аралық бағалаудың форматы мен мазмұны да өзгереді. Енді диктант, бақылау жұмысы, шығарма, мазмұндама сияқты жазбаша жұмыстар оның негізгі нысандарының бірі болады. Мұндай жұмыстарды орындауға оқушыларға толық 45 минуттық сабақ уақыты беріледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова БЖБ және ТЖБ сынақтарын алып тастауға байланысты оқушылардың білімін бағалаудың жаңа тәртіптері енгізілетінін мәлімдеген болатын.

Көп оқылғандар