Сурет: ті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Өңірлерде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы майлы дақылдар 5 млн 179 мың гектарға егілген, бұл былтырғыдан 30 пайызға артық, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Күнбағыс егісі айтарлықтай өсті. Биыл бұл дақыл 2,2 млн гектарға егіліп, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Соңғы бес жылда күнбағыс алқабы тұрақты өсіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге ұлғайған.
Негізгі өсім Павлодар, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Бұл өңірлер егіс алқаптарының жалпы өсімінің 90 пайызын қамтамасыз еткен. Зығыр, рапс және мақсары сияқты басқа да майлы дақылдардың егіс көлемі де ұлғайтылған.
Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының ақпаратынша, егіс алқаптарының ұлғаюына отандық өңдеу кәсіпорындарының майлы шикізатқа сұранысының жоғары болуы, сондай-ақ өсімдік майы мен май өнімдерін экспорттау нарықтарының кеңеюі себеп болған. Ағымдағы маусымда отандық өсімдік майы мен май өнімдері 23 елге экспортталуда.
Бұл Қазақстандағы өсімдік шаруашылығын әртараптандыру үдерісінің тұрақты жүргізіліп жатқанын және ауыл шаруашылығы өндірісінде майлы дақылдардың маңыздылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда майлы дақылдарды өңдеу қуаттылығы жылына 5,2 млн тоннадан асады, оның ішінде 4,4 млн тоннасы күнбағысқа тиесілі. 2026–2028 жылдары жалпы қуаттылығы жылына 3 млн тоннадан астам майлы дақылды өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа май өңдеу кәсіпорындарын салу жоспарлануда.
Мазмұнға өту
