Сурет: Egemen Qazaqstan
Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ерлан Қошанов қазақ пен қырғыз халықтарын ортақ тарих, рухани-мәдени құндылықтар және ғасырлар бойғы бауырластық біріктіретінін атап өтті. Ол екі ел арасында берік байланыс орнағанын және халықтардың болашағын бөліп қарастыруға болмайтынын жеткізді.
– Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің, сындарлы саясатының арқасында қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Мемлекеттеріміздің басшылары достықты бекемдеп, бірлесе даму үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ынтымақтастықтың одақтастық сипатын жоғары деңгейдегі кездесулер айшықтап отыр. Біз өз тарапымыздан мемлекеттеріміздің басшылары арасындағы уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз, – деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің рөлі ерекше екеніне назар аударды. Онда парламенттер басшылары деңгейінде әріптестіктің маңызды тақырыптары тұрақты көтеріліп жүр. Мәжіліс төрағасының пікірінше, екі ел депутаттары туындаған мәселелерді достық топтары мен салалық комитеттер деңгейінде талқылап, уақтылы шешілуіне үлес қосып келеді.
Тараптар ТМД Парламентаралық ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және ТүркПА сияқты көпжақты алаңдардағы тиімді ынтымақтастықты да сөз етті.
Ерлан Қошанов қырғыз әріптесіне Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы айтты. Осы бағыттағы негізгі қадам – жалпыхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы және оның қағидаттарының Парламент қабылдаған заңдарда бекітілуі. Жогорку Кенеш депутаттары «Президент туралы», «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» және басқа конституциялық заңдардың негізгі ережелерімен танысты.
Марлен Маматалиев қазақстандық әріптестеріне қонақжайлығы үшін алғыс айтып, тамыз айындағы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық пен өткізуге сәттілік тіледі.
Қырғызстан Парламентінің басшысы сауда-экономикалық ынтымақтастықты сөз етіп, екіжақты тауар айналымының серпініне қанағаттанатынын жеткізді. Ол индустрияландыру, ауыл шаруашылығы, туризм және «жасыл» энергетика салаларындағы серіктестікті тереңдету перспективаларына тоқталды.
Кездесуде тараптар заң шығару саласында тәжірибе алмасуды және өңір үшін өзекті мәселелер бойынша диалогті жалғастыруға келісті. Азық-түлік қауіпсіздігі, су және энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде айқындалды. Ерлан Қошанов Қазақстан мен Қырғызстанның қажетті құқықтық және институционалдық негізі дайын екенін атап өтті. Екі елде де Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллектіге негізделген инновациялық жобалар мемлекеттік органдардың жұмысына енгізіліп жатыр. Тараптар осы салада тәжірибе алмасуға келісті.
Қырғыз Парламенті делегациясының бағдарламасында ресми кездесулерден бөлек, «Alem.ai» жасанды интеллект орталығына, «Астана» халықаралық қаржы орталығына бару және елордадағы мәдени нысандарды аралау жоспарланған.

