Сурет: Ақорда
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Ерлан Қарин Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Ерлан Қарин қырғызстандық мәртебелі қонаққа «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» атты ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқаны үшін ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар Вице-Президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының мәні мен мазмұнына тоқталып, соңғы жеті жылдағы Президент реформаларының нәтижесінде түрлі салада қол жеткізілген маңызды жетістіктер туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде Арслан Койчиев Қырғызстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын жоғары бағалайтынын атап өтіп, Қазақстандағы реформалардың одан әрі табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.
Ерлан Қарин соңғы жылдары екі ел көптеген мәдени және ғылыми жобаларды бірлесе іске асырып келе жатқанын еске салды. Мұндай бастамалар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етуде.
