Сурет: Egemen Qazaqstan
Мәскеудегі Balzi Rossi мейрамханасында 1 тамызда болған жарылыс теракт деп танылды. Бұл туралы Ресейдің Терроризмге қарсы ұлттық комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Комитеттің мәліметінше, 1 тамыз күні сағат 19:55 шамасында Кудрин алаңындағы мейрамханада қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылған. Оқиға салдарынан үш адам – ғимаратқа күдікті әйелді кіргізбей тоқтатқан күзетші, әлгі әйел және мейрамхана келушілерінің бірі қаза тапқан. Тағы 21 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Коммерсант» басылымының жазуынша, шабуылдың нысанасы мейрамхананың жазғы алаңында өткен жабық іс-шараның қонақтары болған. Басылымның мәліметіне сәйкес, қылмыстық іс Ресей Қылмыстық кодексінің 205-бабы («Террористік акт») бойынша қозғалған.
Сондай-ақ басылымның дерегінше, күзет қызметінің қырағылығы арқасында адам шығыны әлдеқайда көп болмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, күзетші сыйлық салынған қорапты алып келген әйелді тексермек болған сәтте жарылыс болған. Тергеудің бастапқы болжамына сәйкес, жарылғыш құрылғы қашықтан іске қосылған болуы мүмкін. Ал жеткізуші әйел сәлемдеменің ішінде не болғанын білмеуі ықтимал.
Мазмұнға өту
