Сурет: BILD
Уэльс тұрғыны лотереядан ұтқан үлкен соманы талап етіп, ұйымдастырушылармен дауласып жатыр. Алайда басты билет қоқыс полигонында қалуы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлыбританияның «National Lottery» лотереясында 12 млн фунт стерлинг (шамамен 7,2 млрд теңге) ұтып алған Кэт Мейн есімді азаматша қазір өзінің жеңімпаз екенін банк чектері мен дүкендегі бейнебақылау камералары арқылы дәлелдеуге мәжбүр.
BILD мәліметінше, лотерея билетін оған анасы сатып әперген. Ұтыс ойыны өткен соң зейнеткер әйел нәтижені Londis дүкендер желісіндегі арнайы терминал арқылы тексермек болған. Терминал ұтыс жоқ деп көрсеткендіктен, билет қоқыс жәшігіне тасталған.
Кейінірек лотереяның ресми операторы 2026 жылғы 6 маусымдағы 12 млн фунттық джекпоттың әлі ешкім талап етпегенін хабарлады. Осыдан кейін Кэт Мейн ұтыс нөмірлерін өзі таңдап жүрген сандармен салыстырып, барлық сандардың соңғы 20 жыл бойы өзгеріссіз таңдап келген комбинациясымен сәйкес келгенін анықтаған.
Ол анасына хабарласқанда, анасы билетті сатып алғанын растап, терминалдың қате көрсеткенін айтқан. Қазір британиялық әйел жеңімпаз комбинацияның иесі екенін ресми дәлелдеуге тырысып жатыр, бірақ қолында билеттің түпнұсқасы жоқ.
Ол лотерея операторына билетті сатып алғанын растайтын банк түбіртегін және анасының дүкенге барғаны түсірілген бейнебақылау камераларының жазбаларын ұсынды, деп хабарлайды дереккөз.
Лотерея компаниясы ішкі тексеру басталғанын растады. Алайда заңгерлер қағаз билетсіз жанама дәлелдердің жеткілікті болатынына күмән келтіріп отыр. 12 миллион фунт стерлинг көлеміндегі джекпотты төлеу туралы шешімді ұйымдастырушылар 30 күн ішінде қабылдауы тиіс.
Мазмұнға өту
