Қоғам

«Кітап оқитын ұлт» марафонында 66 күнде 1,5 млн кітап оқылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталғаннан бері 66 күн өтті. Осы уақыт ішінде қатысушылар 1,5 миллионнан астам кітап оқыған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта қатысушылар бесінші кітапты аяқтап, алтыншы шығарманы оқуға кіріскен. Белсенділік танытқандар арасында оқушылар мен педагогтар көш бастап тұр: оқушылар 600 мыңнан астам, мұғалімдер 400 мыңнан астам кітап оқыған. Осылайша, екі санат барлық оқылған кітаптың үштен екісін құрайды.

Марафон аясында қатысушыларды ынталандыру үшін арнайы марапат жүйесі енгізілді. Әр бес кітап оқыған сайын олар ерекше белгіге ие болады. Атап айтқанда, бес кітап оқыған қатысушыларға «Талапты оқырман» қола белгісі табысталды. Сонымен қатар әр қатысушы жеке кабинетінен жетістігін растайтын сертификатты жүктей алады.

Келесі марапаттар оқылған кітап санына қарай беріледі: он кітап оқығандар «Жігерлі оқырман» күміс белгісіне, ал 15 кітапты тәмамдағандар «Зерделі оқырман» алтын белгісіне ие болады.

Қола белгінің алғашқы иегерлері қатарында Қарағанды және Түркістан облыстарынан «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша қатысқан екі мұғалім бар. Екеуі де бес кітап оқып, мүмкін болған ең жоғары 1 750 ұпай жинаған.

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы Бірінші Теміртау классикалық лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Владимировна Мининкова марафонның ұстаздар мен оқушыларға ортақ мотивация сыйлағанын айтады.

«Мұғалімнің өзі кітап оқыса, балалар да соны көреді. Қазір оқушыларым қандай кітап оқып жүргенімді сұрап, өздері де оқыған шығармаларын әкеледі. Қола белгі күміс марапатқа жетуге жақсы ынталандыру болды», дейді ол.

Ал Түркістан облысы Созақ ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің география пәні мұғалімі Сәуле Тұрарқызы Ерманова марафон кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруға көмектескенін жеткізді.

«Күнделікті жұмыс барысында кітап оқуға үнемі уақыт табу оңай емес. Марафон осы істі әдетке айналдыруға ықпал етті. Қазақ және орыс тілдерінде кітап оқимын. Соның арқасында география сабақтарымды кітаптардан алған тың мысалдармен толықтырып жүрмін», дейді педагог.

Еске салайық, бұған дейін құрылыс инженері кітап оқуға арналған ерекше қосымша жасап шығарғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар