Сурет: Egemen Qazaqstan
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының цифрлық мүмкіндіктері кеңейіп, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен «Bilim Group Ltd» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құжатқа қоғамдық қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков пен «Bilim Group Ltd» бас директоры Александр Савченко қол қойды. Осы келісім аясында KITAP цифрлық оқырмандық платформасы марафонның цифрлық серіктесі ретінде жоба қатысушыларына электрондық және аудиокітаптарға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдайды.
Бұл әріптестіктің басты мақсаты – дәстүрлі кітап оқуды заманауи цифрлық мүмкіндіктермен ұштастырып, Қазақстан тұрғындары үшін кітапты әртүрлі форматта қолжетімді ету және тұрақты оқу мәдениетін дамыту.
«Біздің мақсатымыз – кітап оқуды жекелеген адамдардың жеке әдеті деңгейінен көтеріп, қоғамның ортақ мәдени құндылығына айналдыру. Ол үшін оқырманға кітапты өзіне ыңғайлы форматта оқуға мүмкіндік беру маңызды. KITAP платформасымен серіктестік “Кітап оқитын ұлт” марафонының осы бағытын күшейтіп, электрондық және аудиокітаптарға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді», деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Серіктестік аясында марафон қатысушылары KITAP платформасындағы электронды кітаптар, аудиокітаптар және басқа да цифрлық контенттерді пайдалана алады. Платформада мемлекеттік тілді қолдауға арналған құралдар да бар, соның ішінде кітап мәтініндегі сөздер мен сөз тіркестерінің аудармасын түсіндіретін қазақша-орысша кіріктірілген сөздік ұсынылған.
Сонымен қатар, кіріктірілген жасанды интеллект чаты оқылған кітапты талқылауға, мазмұны бойынша сұрақтар қоюға және кітапты тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл құралды білім беру мақсатында да қолдануға болады. Жекелендірілген ұсыныстар жүйесі оқырманның қызығушылығына қарай кітаптарды іріктеп береді, ал оқу статистикасы прогресті бақылауға және тұрақты оқу әдетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тараптар жоба қатысушыларына арналған арнайы кітап топтамалары мен цифрлық ұсыныстарды әзірлеуді де қарастыруда.
«Цифрлық технологиялар кітапты оқырманға жақындатудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырып отыр. KITAP платформасының “Кітап оқитын ұлт” марафонына қосылуы арқылы біз оқырмандарға электрондық және аудиокітаптарды пайдаланудың қолайлы мүмкіндіктерін ұсынуға және кітап оқу тәжірибесін заманауи форматтармен толықтыруға үлес қосамыз. Біз үшін ең маңыздысы – кітап оқуға ниетті адамға қажетті контентті ыңғайлы әрі қолжетімді түрде ұсыну», деді Александр Савченко.
«Кітап оқитын ұлт» – Қазақстанда кітап оқу мәдениетін насихаттауға, азаматтардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға және кітапқа қызығушылықты арттыруға бағытталған республикалық марафон.
Тараптардың пікірінше, кітап оқуды цифрлық мүмкіндіктермен ұштастыру оқырмандардың кітапқа қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, Қазақстандағы оқу мәдениетін жаңа форматтар арқылы дамытуға жол ашады.
