Жайық news

Казталов ауданында көпбейінді ауданаралық аурухана салынуда

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында 60 төсек-орынға арналған жаңа көпбейінді ауданаралық аурухананың құрылысы жалғасуда. Медициналық кешен Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін болады.

Жобаның жалпы құны 6,9 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 47%-ға орындалды. Құрылысты 2027 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған.

Жаңа аурухана шалғай елді мекендердің тұрғындарына бірқатар тексерулер мен ем алу үшін облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын жерде медициналық көмектің кең спектрін алуға мүмкіндік береді.

Стационар 60 төсек-орынға есептелген, оның ішінде 6 төсек-орын уақытша бақылауға арналған. Қабылдау бөлімі, тіркеу орны және диагностикалық орталық тәулігіне 96 келушіге дейін қызмет көрсете алады. Медициналық мекеменің жұмысы екі ауысымда ұйымдастырылып, тәулік бойы медициналық көмек көрсету қамтамасыз етіледі.

Жобада болашақ аурухананың диагностикалық мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінген. Мұнда МРТ және КТ аппараттарын, ультрадыбыстық зерттеу мен рентгенографияға арналған жабдықтарды, заманауи зертханалық жүйелерді, өкпені жасанды желдету аппараттарын және басқа да медициналық жабдықтарды орнату жоспарланған.

Аурухананың заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы аудан деңгейінде диагностикалық зерттеулердің кең спектрін жүргізуге, ауруларды уақтылы анықтауға және төрт ауданның тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Кешен құрамында жедел медициналық жәрдем бөлімі, стационарлық бөлімдер, дәрігерлердің кеңес беру кабинеттері, дәріхана және қажетті қосалқы инфрақұрылым қарастырылған. Нысанды жобалау кезінде қауіпсіздікке, санитариялық-гигиеналық талаптарға және пациенттер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылған.

Аурухана пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 21 дәрігер, 49 орта медицина қызметкері, сондай-ақ өзге қызметтер мен техникалық персоналдың 51 қызметкері еңбек етеді деп жоспарлануда.

Жаңа медициналық мекемені кадрлармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және тұрақтандыру мақсатында республикалық, облыстық және аудандық бюджеттер есебінен көтерме төлемдер мен тұрғын үймен қамтамасыз етуді қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрылыс алаңында 60-қа жуық адам және 5 техника жұмылдырылған. «Мансап» орталығымен бірлесіп, құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның мердігері — «Жайкселстрой» компаниясы.

Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа аурухана облыстың батыс бөлігіндегі тұрғындарға қызмет көрсететін ауданаралық медициналық орталыққа айналады. Жобаның іске асырылуы шалғай аудандардың тұрғындары үшін заманауи диагностика мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар