Әлем

Италияда орман өртін қасақана ұйымдастырғандар іздестіріліп жатыр

Сурет: Egemen Qazaqstan

Италияның оңтүстігіндегі Калабрия өңірінде орман өрттерінің себептерін зерттеушілер қорқынышты дерек анықтады. Тергеу барысында құйрығына жанғыш материал байланған мысықтар табылған. Күдіктілер жануарларды алқаптарға жіберіп, өрттің кең таралуына әдейі себеп болған деп болжануда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Калабрияның Азаматтық қорғаныс агенттігінің өкілі Доменико Костарелланың мәліметінше, оқиға орнынан жанғыш шүберектерге қойылған шамдар мен кешіктіріп жанатын құрылғылар да табылған. Бұл өрттің қасақана қойылғанын көрсетеді.

Қазір өрт сөндірушілер Поллино ұлттық паркі маңындағы жалынды ауыздықтауға күш салуда. Соңғы тәулікте өңірде 160-тан астам өрт сөндіру операциясы жүргізілген.

Италияның Жануарлар мен қоршаған ортаны қорғау қауымдастығы құқық қорғау органдарына ресми шағым түсіріп, бұл әрекетке қатысы бар адамдар туралы ақпарат берген азаматтарға 1000 еуро сыйақы тағайындады.

Мамандардың айтуынша, мұндай әдіс Италияда алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін Сицилия мен Неаполь маңындағы орман өрттеріне де ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысы болуы мүмкін деген күдік айтылған. Сарапшылардың пікірінше, кейбір мафиялық құрылымдар өрттен кейін жер телімдерін иемденіп, оларды кейін тиімді бағамен пайдалануға тырысады.

Калабрияның Азаматтық қорғаныс қызметі қоғамды табиғатты қорғауға және қасақана өрт қою деректеріне бейжай қарамауға шақырды. Мамандар мұндай әрекеттерді адамгершілікке жатпайтын ауыр қылмыс деп бағалап отыр.

Көп оқылғандар