Сурет: istockphoto.com
АҚШ пен Иран арасындағы соққы алмасудан кейін Парсы шығанағындағы ахуал ушығып кетті. Вашингтонның кезекті әскери шабуылына жауап ретінде Тегеран АҚШ-тың Бахрейн мен Кувейттегі базаларына соққы берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Иран билігінің мәліметінше, АҚШ-тың елдің бес провинциясына жасаған әуе шабуылынан 14 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алған. Шабуыл салдарынан порттар, теміржол көпірлері, оңтүстік жағалаудағы нысандар, соның ішінде Бушер атом электр станциясы мен Чабахар портының инфрақұрылымы зақымданған.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) операция Иранның Ормұз бұғазындағы кеме қатынасына қауіп төндіру мүмкіндігін әлсірету үшін жасалғанын мәлімдеді. Әскери қимылдар басталғалы бері Ормұз бұғазындағы кеме қозғалысы айтарлықтай азайған.
15 шілдеге қараған түні Бахрейн мен Кувейтте әуе дабылы жарияланды. Бұған Иранның АҚШ шабуылдарына жауап қайтаратыны туралы мәлімдемесі себеп болды. Кувейт қарулы күштері бірнеше зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын хабарлады.
Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) мемлекеттік IRIB телеарнасы арқылы таратқан мәлімдемесінде АҚШ-тың жаңа шабуылдарына жауап ретінде Бахрейн мен Кувейттегі америкалық әскери базаларға соққы жасағанын растады. КСИР мәліметінше, зымырандар мен дрондар Кувейттегі Арифджан және Әли әл-Салем, сондай-ақ Бахрейндегі Джуффейр мен Шейх Иса әскери базаларындағы маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған.
Қазір Таяу Шығыста жағдай тыншымай тұр. Швейцариядағы сәтсіз келіссөздерден кейін екі ел бірнеше соққы алмасты. Сондай-ақ Вашингтон Ливанмен елдің оңтүстігінен Израиль әскерін шығару туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Аймақты өзіне тиесілі санайтын «Хезболла» ұйымы келісімнен бас тартып отыр.
Мазмұнға өту
