Сурет: aa.com.tr
Иорданияда 23 қазанда Хамуд шіркеуіндегі жерлеу рәсіміне қарулы шабуыл жасалып, 9 адамның өліміне әкелген оқиғаға қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Иорданияның коммуникациялар министрі әрі үкіметтің ресми өкілі Мұхаммед әл-Мумани X әлеуметтік желісінде күдіктілердің әл-Карак провинциясындағы қараусыз қалған үйден табылғанын мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, арнайы операция кезінде үйге бекінген үш күдікті қауіпсіздік күштеріне оқ атқан. Қарулы қақтығыс барысында күдікке ілінген үш адам жараланған күйде қолға түсті.
Қауіпсіздік күштері қызметкерлерінің арасында зардап шеккендер жоқ. Күдіктілер ұсталған жерден көп мөлшерде қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленген.
Министр қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
23 қазанда әл-Карак провинциясының оңтүстігіндегі Хамуд шіркеуінде жерлеу рәсіміне қатысушыларға қарулы адамдар оқ атқан. Салдарынан 9 адам қаза тауып, 25 адам жараланған.
Шабуылдан кейін Иорданияда үш күндік аза тұту жарияланды. Министрліктердің, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың ғимараттарындағы мемлекеттік тулар төмен түсірілді.
Айта кетейік, Францияда жаппай наразылық акциялары кезінде бүгін түске дейін 135 адам ұсталды. Полиция тінту барысында пиротехника, металл шарлар және қару ретінде пайдаланылуы мүмкін өзге де заттарды тәркілеген.
Мазмұнға өту
