Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысына қатысушы халықаралық компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуге «Air Liquide» тобының өңірлік президенті Николя Пуаро, «Wabtec» компаниясының бас атқарушы директоры Рафаэль Олин және «Alstom» компаниясының бас атқарушы директоры Мартин Вожур қатысты. Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстары туралы баяндады. Ол өнеркәсіп әлеуетін күшейту, инфрақұрылымды жаңғырту және жоғары технологияларды тарту елдің басты басымдықтары екенін атап өтті. Тараптар бірлескен жобалардың іске асу барысын талқылап, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
«Air Liquide» кластерінің президенті Николя Пуаромен компанияның Қазақстандағы инвестициялық жобаларын іске асыру мәселелері және өнеркәсіптік газдар өндірісі саласындағы ынтымақтастықты нығайту талқыланды. Тараптар Павлодар қаласында сутегі өндіру қондырғысын салу жобасына (инвестиция көлемі 100 млн еуродан асады) және «Силлено» ЖШС жобасын техникалық газдармен қамтамасыз ету үшін ауа бөлу стансасын салу жобасына ерекше назар аударды. Нұрлыбек Нәлібаев «Air Liquide» компаниясы заманауи технологияларды енгізіп отырған Қазақстанның сенімді серіктесі екенін айтты.
Рафаэль Олин мырза бастаған «Wabtec» компаниясының басшылығымен кездесуде бірлескен жұмыстың жоғары нәтижелері, соның ішінде Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның табысты қызметі айтылды. Өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға, сервистік инфрақұрылымды дамытуға және отандық локомотив құрастыру саласының экспорттық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Мартин Вожур бастаған «Alstom» компаниясының басшылығымен теміржол машинасын жасау, цифрлық шешімдер саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегі талқыланды. Астанадағы «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-ның қызметі қаралып, компанияның саланы дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру, экспорттық жеткізілімдерді дамыту және өндірісті локализациялау деңгейін көтеру жоспарлары аталды.
Кездесулер қорытындысында инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге өзара мүдделілік расталды. Ел Үкіметі теміржол саласын дамытуға, озық технологияларды енгізуге, стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған ұзақмерзімді бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

