Қоғам

«Халықтық бақылау»: пациенттер медициналық көмек сапасын бағалай алады

Сурет: Ашық дереккөз

Медициналық ұйымдардың QR-кодтары, пациенттің жеке профилі және сапаны бағалау арқылы халықтық бақылау күшейтілуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінің цифрлық сервистерін дамытуды жалғастырып жатыр. Бұл азаматтардың МӘМС қызметтеріне қолжетімділігін арттырып, өзара іс-қимылды ыңғайлы әрі ашық етуге бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2026 жылы МӘМС 2.0 трансформациясы аясында eGov Mobile қосымшасында жаңа цифрлық сервистер іске қосылып, «халықтық бақылау» тетіктері кеңейтіледі. Қазіргі уақытта eGov Mobile пайдаланушылары МӘМС жүйесіне қатысу туралы мәліметтерді алып, сақтандырылу мәртебесін тексере алады, сондай-ақ аударымдар мен жарналар туралы ақпаратқа қол жеткізе алады.

Жақында «Qalqan» цифрлық сервисінде медициналық ұйымдарға берілетін арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы пациенттің медициналық ұйымға жүгінгенін растау мүмкіндігі іске қосылды. Бұл тетік медициналық көмектің ашықтығын арттыруға бағытталған және көрсетілген қызметтердің нақты алынғанын растауға мүмкіндік беретін қоғамдық бақылаудың алғашқы цифрлық құралдарының бірі болып табылады.

Цифрлық сервистерді дамытудың келесі кезеңінде пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер қолжетімді болады. eGov Mobile қосымшасындағы пациенттің жеке профилінде тіркелген медициналық ұйым туралы өзекті ақпарат, сақтандыру мәртебесі, МӘМС жүйесіндегі төлемдер тарихы, жарналар күнтізбесі және жеңілдік санатына қатысты мәліметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, МӘМС бойынша қате немесе артық төленген аударымдар мен жарналарды қайтару жөніндегі мемлекеттік қызметті толық цифрландыру жоспарланып отыр.

«Халықтық бақылау» тетігі азаматтарға eGov Mobile арқылы өздеріне көрсетілген медициналық қызметтердің тарихын қарап қана қоймай, олардың нақты көрсетілгенін растауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қосымшада медициналық көмектің сапасын бағалау және Қорға тікелей өтініш жолдау мүмкіндігін енгізу жоспарланып отыр. Бұл құралдар медициналық көмектің ашықтығын арттыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге және медициналық қызметтердің негізсіз көрсетілу тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді», — деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасының орынбасары Индира Ерденова.

Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс аясында халыққа ұсынылатын цифрлық мүмкіндіктердің ауқымын кеңейту жалғасады. Пайдаланушыларға көрсетілген медициналық көмек пен оның нәтижелері, қызметтердің құны, ТМККК және МӘМС шеңберіндегі қаржыландыру көздері туралы мәліметтер, сондай-ақ басқа да цифрлық сервистер кезең-кезеңімен қолжетімді болады. eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық сервистерді дамыту азаматтардың МӘМС жүйесімен өзара іс-қимылын ыңғайлы, ашық және пациенттердің қажеттіліктеріне бейімделген деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстандағы цифрлық денсаулық сақтауды дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болады.

Көп оқылғандар