Әлем

Грузияда есірткі қылмысына қатысы бар 121 адам ұсталды

Сурет: Грузия жаңалықтары

Грузия Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арнайы операция барысында есірткі қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен 121 адамды ұстады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, ұсталғандардың 59-ы есірткі тарату желілеріне қатысты. Олардың арасында Грузия азаматтарымен қатар шетелдіктер де бар.

Сот санкциясымен полиция есірткіні бақылаумен сатып алу шараларын жүргізген. Бұл әрекеттер аудио және бейнежазбаға тіркелген. Сондай-ақ құқық қорғау органдары бақыланатын пошта жөнелтілімдерін пайдаланып, аса ірі көлемдегі есірткі партияларын тәркілеген.

Тінту кезінде күдіктілердің тұрғылықты жерлерінен, көліктерінен және басқа нысандардан сатуға дайындалған метадон, альфа-PVP, кокаин, кетамин, бупренорфин, марихуана, қарасора және басқа да есірткілер табылып, тәркіленді. Сонымен қатар қаптама материалдары, электронды таразылар және есірткі саудасынан түскен болуы мүмкін ақша алынды.

Тергеу Грузия Қылмыстық кодексінің есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу баптары бойынша жүргізілуде. Бұл баптар бойынша ең жоғары жаза 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында есірткі қылмыстары бойынша 5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85%-ға көп.

Ведомство құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қатысы бар барлық адамдарға қатысты заңдағы ең қатаң шараларды қолданатынын мәлімдеді.

Көп оқылғандар