Сурет: istockphoto
Грузияда жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты Қазақстаннан отын жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бастаманы елдің Мұнай өнімдерін импорттаушылар одағы ұсынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жыл басынан бері Грузияда жанар-жағармай бағасы 17 пайызға өскен. Жылдық есепте өсім 21 пайызды құрап, дизель отынының бағасы шамамен үштен бірге қымбаттаған.
Сарапшылар бағаның өсуіне әлемдік мұнай бағасының қымбаттауы мен Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуін негізгі себеп ретінде атап отыр. Қазір Грузияда АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі орта есеппен 1,5 доллар тұрады.
Нарықтағы жағдайды Еуро-5 стандартына сәйкес келетін отын тапшылығы да қиындатып отыр. Бұл экологиялық талап жанар-жағармай сапасына қатаң талаптар қойып, стандартқа сәйкес келмейтін бензинді импорттауға шектеу енгізеді.
Бұған дейін Грузиядағы мұнай өнімдері импортының жартысынан астамы Ресейге тиесілі болған. Алайда Ресейде жанар-жағармай экспортына қойылған шектеулер ұзартылды. Ал Еуропа елдерінен отын сатып алу грузиялықтар үшін қымбатқа түсіп отыр.
Осыған байланысты Грузияның Мұнай өнімдерін импорттаушылар одағы үкіметке Қазақстан, Түрікменстан және Орталық Азияның басқа да елдерінен отын жеткізуді ұсынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстан билігі де жанармай тапшылығының алдын алу мақсатында Қазақстан мен тағы бес елге мұнай өнімдерін жеткізу жөнінде ресми өтініш жолдаған болатын.
Мазмұнға өту
