Сурет: ҚСЗИ, телеграм (архив)
Қазақстанда BYD Destroyer 05 гибридті көліктерін сатып алған азаматтар мен кәсіпкерлер күтпеген қосымша салыққа тап болды. Олар кедендік ресімдеу кезінде ешқандай ескертусіз, көлік құнына қосымша 2,5 млн теңге салық төлеуге мәжбүр болған.
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай бұл мәселені Үкіметке ресми сауал ретінде жолдады. Ол шенеуніктердің әрекетін заңсыз деп санап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Көліктерді кедендік ресімдеу кезінде ешкім ешқандай қосымша салық туралы айтпаған. Алайда, кейіннен кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға қосымша 2,5 млн теңге салық төлеу туралы хабарлама келді. Бұл – азаматтардың сеніміне қиянат жасау», – деді депутат.
Әлтайдың айтуынша, мұндай жағдай жүздеген адамның басынан өткен. Ол Үкіметтен мәселені тез арада шешуді және болашақта мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін нақты шаралар қабылдауды сұрады.
Қазіргі уақытта BYD Destroyer 05 иелері қосымша салықтың заңдылығын тексеруді талап етіп, тиісті органдарға шағым түсіріп жатыр. Депутаттың сауалына жауап күтілуде.

