Әлем

Ғалымдар жастар арасында қатерлі ісіктің көбею себебін анықтады

Сурет: pexels.com

Жастар арасында қатерлі ісіктің кейбір түрлері жиі кездесе бастады. Бұған ағзаның биологиялық қартаюының жеделдеуі себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Вашингтон университетінің медицина мектебінің ғалымдары осындай қорытындыға келді. Германиядағы Қатерлі ісікті зерттеу орталығының (DKFZ) дерегінше, елде 20-39 жас аралығындағы адамдар арасында тоқ және тік ішек обырына шалдығу көрсеткіші айтарлықтай өскен. Бұл үрдіс АҚШ-та да байқалады, онда көрсеткіш одан да жоғары. Сондай-ақ зерттеушілер жастар арасында сүйек кемігінің қатерлі ісігі мен жатыр обырының көбейгенін атап өтті.

Ғалымдар көптеген науқаста хронологиялық жас пен биологиялық жас арасында елеулі айырмашылық бар екенін анықтаған. Хронологиялық жас адамның өмір сүрген жылдарымен өлшенсе, биологиялық жас ағзаның тозу дәрежесін көрсетеді. Зерттеушілердің пікірінше, қазіргі жастардың ағзасы бұрынғы буындарға қарағанда жылдамырақ қартаюы ықтимал.

Зерттеу авторлары биологиялық қартаюдың жеделдеуі мен қатерлі ісік қаупінің артуы арасында тек байланыс анықталғанын, ал тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденбегенін атап өтті.

Зерттеушілердің бірі Рон Яхимовичтің айтуынша, биологиялық жасқа әсер ететін факторлардың шамамен жартысы генетикаға байланысты, ал қалған жартысына адамның өзі ықпал ете алады. Биологиялық қартаюды баяулатуға тұрақты дене белсенділігі, жеткілікті ұйқы және теңгерімді тамақтану көмектеседі. Ал жас кезден семіздік, қимыл-қозғалыстың аздығы және ұйқының жеткіліксіздігі қартаю үдерісін жеделдететін факторларға жатады.

Көп оқылғандар