Әлем

Германияда жеңіл моторлы ұшақ тұрғын үйге құлап, екі адам қаза тапты

Сурет: Egemen Qazaqstan

Германияның Төменгі Саксония жеріндегі Гандеркезе қаласында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, жеке тұрғын үйдің шатырына құлады. Салдарынан ұшақтағы екі адам қаза тауып, үй тұрғындары аман қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Tecnam P2010 TDI маркалы төрт орындық ұшақтың бортында ұшқыш пен бір жолаушы болған. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Ал үй иелері сол кезде басқа жақта демалыста жүргендіктен, ешкім зардап шеккен жоқ.

Ұшақ Бремен қаласынан ұшып шығып, шағын әуеайлаққа қысқа аялдағаннан кейін қайта әуеге көтерілген. Алайда бірнеше минуттан соң биіктігін жоғалтып, тұрғын үйге құлаған. Соққыдан ұшақ кабинасы қирап, бөлшектері жан-жаққа шашылған.

Құтқарушылар қираған ұшақтың бөліктерін ғимарат ішінен бес сағатқа жуық уақыт бойы арнайы кранның көмегімен шығарды. Апаттың нақты себебін Германияның Әуе оқиғаларын тергеу жөніндегі федералдық бюросы (BFU) анықтап жатыр.

Көп оқылғандар