Жайық news

БҚО-да астық жинау науқаны аяқталуға жақын

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысында астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Дәнді дақылдар толық жиналды, ал гектардан алынған орташа өнімділік соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Науқан қорытындысы мен алдағы жоспарлар Үкімет отырысында талқыланды. Селекторлық кеңеске облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, дәнді дақылдарды жинау қорытындысы туралы баяндады.

Облыста әр гектардан орта есеппен 21 центнерден астық алынды. Барлығы 605 мың тонна дән бастапқы салмақта қамбаға құйылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Алайда ауыл шаруашылығы жұмыстары әлі аяқталған жоқ – диқандар майлы дақылдарды, картоп пен кеш пісетін көкөністерді жинауда. Жұмысты 15 қазанға дейін бітіру жоспарланып отыр.

Аймақта астық сақтауға қажетті қуат қоры жеткілікті. Жаңа өнім үшін жалпы сыйымдылығы 818 мың тонна қамба дайындалды. Жиналған астық облыстың тұқымдық, азықтық және мал азығы қажеттіліктерін өтеуге жетеді.

Шаруашылықтардың маусымды ұйымдасқан түрде өткізуіне мемлекеттік қолдау ықпал етті. «Кең дала» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысына биыл 22,9 млрд теңге бөлінді. Оның 18,7 млрд теңгесі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдікпен кредиттеуге бағытталды.

Машина-трактор паркін жаңарту жалғасуда. 5% жеңілдік лизингі бойынша диқандар жалпы құны 20 млрд теңге болатын 1,5 мыңнан астам техника бірлігін сатып алды. Алынған техниканың 90%-дан астамы отандық өнім. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау инфрақұрылымы және суармалы егіншілік дамып келеді. Биыл суармалы жер көлемін 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда дәнді дақылдар 13,5 млн гектардан, яғни барлық алқаптың 83%-ынан жиналды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар биыл 15,6 млн гектардан астам жерді алып еді. Вегетация кезеңінде бірқатар өңірде байқалған құрғақшылыққа қарамастан, астық өнімі орташа көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Сапаға келсек, сақтауға түскен астықтың 74%-дан астамы үшінші және одан жоғары сыныптарға жатады.

Үкімет отырысында Премьер-министр келесі ауыл шаруашылығы жылына дайындықты кейінге қалдырмауды тапсырды. «Бәйтерек» холдингіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыру жүктелді. Әкімдіктерге сапалы тұқымның қажетті қорын қалыптастыру, минералды тыңайтқыштарды енгізудің белгіленген көлемін қамтамасыз ету, элиталық тұқым үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту міндеттері қойылды. Батысқазақстандық шаруашылықтар үшін бұл жаңа егіс науқанына дайындық ағымдағы жинау аяқталған соң бірден басталады деген сөз.

Премьер-министр бақылауда ұстауды тапсырған тағы бір мәселе – халықты қысқы-көктемгі кезеңде көкөніспен қамтамасыз ету. Әкімдіктер картоп пен басқа көкөніс қорларын уақтылы қалыптастырып, оларды сатып алу мен сақтауға қоюды қамтамасыз етуі қажет. Өнімнің артығын экспортқа жіберу ұсынылады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жинау науқаны аяқталғанша жағдайды тұрақты бақылап, жұмыстың уақтылы бітуін қамтамасыз ету тапсырылды. Туындаған мәселелер Үкімет жанындағы жедел штаб аясында жедел қаралатын болады.

Көп оқылғандар