Әлем

Футболдан әлем чемпионатының финалы: Трамп қатысады, Аргентина президенті ырымға сеніп үйінде қалады

Сурет: Egemen Qazaqstan

19 шілде, жексенбі күні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испания мен Аргентина құрамалары кездеседі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Финалдық матчқа АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы келеді. FIFA президенті Джанни Инфантиноның айтуынша, Трамп марапаттау рәсіміне қатысып, әлем чемпионатының кубогын жеңімпаз командаға табыстауға атсалысады.

Ал Аргентина президенті Хавьер Милей, керісінше, АҚШ-қа барудан бас тартқан. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, ол мұны ырымға сенетіндігін айтып түсіндірген. Милей ұлттық құраманың осыған дейінгі барлық жеңісін өзінің Оливос резиденциясында тамашалаған. Финалды да сол жерде көрмек. Тіпті команданың жолы болсын деп, алдыңғы ойындарда киген сол бір күртешесін тағы киетінін айтқан.

Айта кетейік, Аргентинада президенттердің ұлттық құраманың маңызды матчтарына бармауы бұрыннан қалыптасқан үрдіс саналады. Бұған 1990 жылғы әлем чемпионаты себеп болған. Сол кезде ел президенті Карлос Менем құраманың алғашқы ойынына барғаннан кейін Аргентина күтпеген жерден Камеруннан жеңіліп қалған. Содан бері көптеген аргентиналық саясаткерлер мұндай кездесулерге бармауға тырысады.

Көп оқылғандар