Сурет: Анадолу
Францияда орман өртін әдейі тұтатты деген күдікпен 32 адам ұсталды. Елдің бірнеше аймағында аптап ыстық сақталып, орман өрттері әлі де жалғасуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес Ұлттық жандармерияның орман өрттерін сөндіруге жұмылдырылғанын айтты. Оның сөзінше, 22 департаментте орманға қасақана от қойды деген күдікпен 32 адам ұсталған.
Өрттің қайғылы салдарына әкеліп, өрт сөндірушілердің өміріне қауіп төндірген бұл әрекеттер үшін енді сот алдында жауап береді, – деді министр.
Meteo-France агенттігінің дерегінше, аптап ыстыққа байланысты 24 департаментте ең жоғары – «қызыл», ал 59 департаментте «қызғылт сары» қауіп деңгейі жарияланған. Кей аймақтарда ауа температурасы 39 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде.
Франция өрт сөндірушілер федерациясының төрағасы Жан-Поль Босландтың айтуынша, елде қазір шамамен 20 орман өрті әлі де сөндірілмеген. Ол тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, ең кішкентай ұшқынның өзі ірі өртке себеп болуы мүмкін екенін ескертті.
Жаз басталғалы Франция үшінші рет аптап ыстыққа тап болды. Соған байланысты Парижді қоса алғанда бірқатар қалада кейбір спорттық және мәдени іс-шаралар тоқтатылды.
Сонымен қатар елдің Спорт министрі Марина Феррари 19 маусымнан бері Францияда суға кетіп 131 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қайғылы оқиғалардың 55 пайызы суға түсуге тыйым салынған және бақылаусыз орындарда болған. Осыған байланысты министр тұрғындарды сақ болуға шақырды.
19 шілдеде Франция үкіметі алғаш рет аптап ыстыққа байланысты ORSEC төтенше шаралар жоспарын іске қосты. Жоспар аясында қарттар мен үйсіз адамдар сияқты осал топтарды қорғау және оларды қауіпсіз орындарға орналастыру көзделген.
Мазмұнға өту
