Әлем

Францияда 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тыйым салынды

Сурет: istockphoto.com

Франция парламенті 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжатты алдымен Сенат, кейін Ұлттық жиналыс қабылдады. Заң бойынша 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 15 жасқа толмаған жасөспірімдер әлеуметтік желілерде жаңа парақша аша алмайды. Бұрыннан бар аккаунттар төрт айлық өтпелі кезеңнен кейін бұғатталады.

Бұл бастама Франция президенті Эммануэль Макронның сайлауалды уәделерінің бірі болған. Макрон бұл қадамды балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі қауіптен қорғауға бағытталған маңызды шара деп бағалады.

Renaissance партиясының депутаты Лор Миллер ұсынған заң жобасында әлеуметтік желілер пайдаланушылардың жасын қалай тексеретіні нақты көрсетілмеген. Бұл мәселені әр платформа өз бетінше шешеді.

Францияның Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар министрлігі сәуір айынан бері мемлекеттік органдарды, әлеуметтік желі өкілдерін және жасын растау жүйелерін әзірлеушілерді біріктіретін арнайы жұмыс тобын іске қосқан.

Егер заң күшіне енсе, Франция Еуропада 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заң жүзінде шектеген алғашқы елдердің бірі болады.

Көп оқылғандар