Сурет: Reuters
Францияның Ішкі істер министрі Лоран Нуньес Испанияның Сеута қаласына мигранттардың жаппай ағылуына байланысты шекарада тексеру жүргізу үшін жедел әрекет ету тобын құру туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, ол 30 шілде күні кешке Испаниямен шекарадағы бақылауды дереу күшейтуді тапсырған. Сондай-ақ бүгін ол соңғы күндері Мароккодан Сеутаға ағылған мигранттар мәселесін талқылау үшін испандық әріптесімен кездеседі.
«Егер біздің ұлттық аумаққа қарай қандай да бір қозғалыс байқалса, біз міндетті түрде шара қабылдаймыз», деді Лоран Нуньес.
Мәліметке сәйкес, мыңдаған мигрант Марокко мен Сеута арасындағы шекараны кесіп өткен. Испания Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бір тәулікте испан анклавына 49 мың мигрант келген. Олардың басым бөлігі – жас ер адамдар мен жасөспірімдер. Бұл – 2021 жылдан бергі ең ірі мигранттар легі. Полиция мәліметінше, 18 адам қаза тапқан.
EFE агенттігінің хабарлауынша, 31 шілде күні таңертең Сеута мен Мелилья қалаларына кіруге әрекеттенген мигранттар Марокко – Испания шекарасында құқық қорғау органдарымен қақтығысқа түскен. Марокко полициясы оларды тоқтату үшін көзден жас ағызатын газ бен суатқыштарды қолданған. Дағдарысқа байланысты Испания билігі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әскерилерді тарту туралы шешім қабылдады. 31 шілдеде Сеутаға Испания премьер-министрі Педро Санчес пен ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласка бармақ.
Сонымен қатар Мадрид Италияның Испаниядағы елшісін шақыртып, Италия премьер-министрі Джорджа Мелонидің мигранттар дағдарысына байланысты Испанияның Шенген аймағы құрамындағы мүшелігін уақытша тоқтату туралы мәлімдемесіне наразылық білдірді. Ал Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни де Испания үшін Шенген аймағын жабуға шақырды.
Сеута мен Мелилья – Еуропалық одақтың Африкамен құрлық арқылы шектесетін жалғыз аумақтары және олар Мароккомен шекаралас орналасқан.
Мазмұнға өту
