Сурет: «Отбасы банк»
Халықаралық Fitch Ratings рейтингтік агенттігі «Отбасы банктің» (Бәйтерек холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді дефолт рейтингін «BBB» деңгейінде растады, болжам тұрақты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Рейтингтің расталуы банктің қаржылық тұрақтылығын, активтер сапасының жоғарылығын, тұрақты қорландыру базасын және Қазақстандағы тұрғын үй қаржыландыру жүйесіндегі жүйе құраушы рөлін көрсетеді.
«Қазіргі таңда «Отбасы банкте» 4 миллионнан астам депозит ашылған. Олардың әрқайсысының артында өз баспанасына қол жеткізуді мақсат еткен отбасылардың сенімі тұр. Біз үшін Fitch рейтингі – банктің қаржылық тұрақтылығының, бизнес-моделіміздің тиімділігінің және салымшылар тарапынан көрсетілген жоғары сенімнің тәуелсіз халықаралық растауы. Ұлттық даму институты ретінде біз тек қаржылық міндеттерді ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйді ашық әрі әділ бөлуді қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік миссияны да атқарып келеміз. Процестерді цифрландырудың арқасында соңғы бір жылда тұрғын үйді бөлу көлемі үш есеге артты, ал тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған 21 906 азамат қоныс тойын атап өтті», деді «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында банкте 485 252 азамат жаңа депозит ашты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 21,9%-ға көп. Жаңа салымшылар санының өсуі болашақта жинақталған қаражаттың жылдық 3,5%-дан бастап (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) қолжетімді мөлшерлемемен ипотека алу мүмкіндігімен байланысты.
Банктің халықтың ұзақ мерзімді салымдарындағы үлесі 39%, клиенттердің жинақ шоттарында 3,3 трлн теңге жиналған. Күн сайын 320 азамат банк көмегімен тұрғын үй қарызын алып, қоныс тойын тойлайды. Елдегі ипотекалық портфельдегі банктің үлесі 55%, жыл басынан бері 43 687 қолжетімді қарыз берілді.
Банк екінші деңгейлі банктер арасында кредиттік портфель сапасы бойынша үздік көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр: 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі (NPL 90+) – 0,14%, ал банк секторындағы орташа көрсеткіш 4,19%. «Отбасы банк» активтері бойынша 4-орынға, меншікті капиталы бойынша 6-орынға көтерілді.
Бүгінде банктің қолдауымен 679 644 отбасы өз баспанасында тұрып жатыр.
Мазмұнға өту
