Сурет: Stephane Mahe/Reuters
Франция, Италия және Испанияда орман өрттері әлі де жалғасуда. Осы аптада Францияда екі өрт сөндіруші қаза тапса, Италияда тағы бір өрт сөндіруші көз жұмды. Францияның оңтүстік-батысында 20 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Францияның оңтүстік-батысындағы Аквитания аймағына кіретін Жиронда департаментінің билігі өрттен 2 мың гектар жердің жанғанын хабарлады. Ең қатты зардап шеккен аумақтардың бірі – Бордо қаласы маңындағы жағалауда орналасқан Ле-Порж коммунасы. Куәгерлердің айтуынша, Ле-Порж үстіндегі аспан қызғылт сары түске боялған.
Ле-Порж мэрі Марсьяль Занинетти өрт орман жолдарын тазалап жатқан техникадан шыққан болуы мүмкін екенін айтты. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.
Өңірде өрт қаупінің ең жоғары деңгейі – қызыл деңгей сақталып отыр. Орманды ашық жерлердегі кейбір демалыс орындары жабылды. Өрт салдарынан соңғы екі күнде Бордо қаласы маңынан 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды. AFP агенттігінің мәліметінше, олардың көпшілігі – туристер.
Францияның орманды аймақтарында электр немесе іштен жану қозғалтқышы бар көліктерді пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ бірқатар жол жабылды.
Италияда да адам шығыны болды. Сицилия аралындағы Сан-Катальдо қаласында өртті сөндіру кезінде бір өрт сөндіруші қаза тауып, оның әріптесі жарақат алды.
Сицилия азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Сальво Кочина сәрсенбі күні аралда 350-ден астам өрт болғанын, оның ішінде 10 ірі өрт ошағы тіркелгенін хабарлады. Тұрғындарды эвакуациялау жарияланды. Кочинаның айтуынша, өрттердің шығуына адам факторы себеп болған.
Өңір президенті Ренато Скифани Сицилияда шамамен 50 өрт әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оларды сөндіру үшін ұшақтардан су төгіліп, өртпен күреске шамамен 6000 өрт сөндіруші жұмылдырылған.
Италияның оңтүстік-батысындағы көршілес Калабрия өңірінде де 160-тан астам өрт тіркелді. Билік өрттердің әдейі қойылғанын айтып отыр.
Азаматтық қорғаныс бөлімінің жергілікті басшысының мәліметінше, қаскөйлер өрт шығару үшін жанғыш сұйықтыққа малынған шүберектерді қаңғыбас мысықтардың құйрығына байлаған. Өрттен Мадрид қаласының маңайындағы аумақтар да зардап шекті. Тұрғындардың бір бөлігі эвакуацияланды, алайда олардың көпшілігіне үйлеріне қайтуға рұқсат берілді.
Эвакуацияланған тұрғындар әлі де Вилья-дель-Прадо ауданында қалып отыр. Бұл – астанадан шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан муниципалитет. Оның маңында өрт әлі де өршіп тұр. Оны сөндіруге шамамен 90 адам мен тікұшақ тартылған.
Испания билігінің мәліметінше, Мадридтің солтүстігіндегі Гвадалахара провинциясындағы өрт салдарынан шамамен 32 мың гектар аумақ зардап шеккен.
Мазмұнға өту
