Сурет: Egemen Qazaqstan
Еурокомиссия TikTok платформасына кәмелетке толмағандардың аккаунттарын жеткілікті қорғамағаны үшін шағым білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Реттеуші органның мәліметінше, жасөспірімдер өз аккаунттарын көпшілікке оңай аша алады. Тіпті жабық профильдерді де басқа пайдаланушылар жазылушылар мен жазылымдар тізімі арқылы, тіпті TikTok-та тіркелмеген адамдар да таба алады.
Еурокомиссияның пікірінше, бұл балалардың қажетсіз хабарламалар алуына, қаскөйлердің олармен байланыс орнату әрекеттеріне немесе кибербуллингке ұшырауына себеп болуы мүмкін.
«Балалардың жариялаған контенті ешқашан бейтаныс адамдарға қолжетімді болмауы керек», деді Еурокомиссияның өкілі Томас Ренье.
TikTok компаниясы реттеушінің қорытындысын мұқият зерделеп, ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді. Компанияның айтуынша, жасөспірімдердің аккаунттары үшін қауіпсіздік пен құпиялылыққа қатысты 50-ден астам арнайы баптау мүмкіндігі қарастырылған.
Еурокомиссияның бұл қорытындылары әзірге алдын ала сипатқа ие. TikTok тергеу материалдарымен танысып, тағылған айыптарға жауап бере алады. Егер заңбұзушылық расталса, компанияға жылдық айналымының 6%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Биылғы ақпанда Еурокомиссия TikTok-қа тағы бірқатар талап қойған болатын. Реттеуші органның пікірінше, видеолардың шексіз лентасы мен автоматты түрде ойнатылуы әсіресе балалар арасында тәуелділік қалыптастыруы мүмкін.
Мазмұнға өту
