Сурет: gov.kz
Қазақстанда ерікті қоныс аударуды жоспарлаған азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Енді тұрғындар migration.enbek.kz порталы арқылы қоныс аудару мүмкіндігін бағалап, өңірлердегі бос жұмыс орындары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты онлайн ала алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа сервис пайдаланушыларға қоныстандыру өңірін таңдап, сол аймақтағы еңбек нарығы, тұрғын үй жағдайлары, мемлекеттік қолдау тетіктері мен бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын өзге мүмкіндіктермен танысуға мүмкіндік береді.
Порталда сұранысқа ие мамандықтардың өзекті тізімі де жарияланған. Еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес тізім тұрақты түрде жаңартылып отырады.
Порталдың интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік инфрақұрылым, маңызды нысандар және кеңес алуға болатын байланыс деректері көрсетілген. Бұл қоныс аудару процесін алдын ала жоспарлауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Аталған цифрлық сервис мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға және азаматтарға тұрғылықты жерін өзгерту туралы шешім қабылдауға көмектесуге бағытталған, делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы ерікті қоныс аудару өңірлері ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары белгіленген.
Мазмұнға өту
