Қоғам

Энергетикалық инфрақұрылымды кибершабуылдардан қорғаудың жаңа жүйесі сынақтан өтуде

Сурет: Egemen Qazaqstan

Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс пен Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2 нысанына барып, энергетикалық инфрақұрылым объектілерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жобаның барысымен танысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сапар барысында қатысушыларға станцияның технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін Бас басқару қалқаны, №2 блоктық басқару қалқаны және серверлік инфрақұрылым таныстырылды.

Кездесуде аса маңызды ақпараттық инфрақұрылым объектілерін қорғау саласындағы заманауи шешімдерге ерекше назар аударылды. Өнеркәсіптік желілерді пассивті мониторингтеу, алынбалы ақпарат тасымалдағыштарды бақылау, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік құралдарын орталықтандырылған басқаруға, инциденттерді анықтауға және қорғалған артықшылықты қолжетімділікті ұйымдастыруға арналған кешенді платформа таныстырылды.

Таныстырудан кейін жұмыс кеңесі өтіп, онда технологиялық процестерді автоматтандырылған басқару жүйелерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру нәтижелері, оны одан әрі дамыту және энергетика саласының өзге объектілеріне кеңінен енгізу перспективалары қаралды.

«Бүгінде киберқауіпсіздік мәселелері энергетикалық объектілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Заманауи шешімдерді енгізу ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға, автоматтандырылған басқару жүйелерінің орнықтылығын арттыруға және тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс.

Өз кезегінде Досжан Мұсалиев аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау жобаларын іске асыруда ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, киберқауіпсіздік саласындағы заманауи отандық және халықаралық тәжірибелерді енгізу қажеттігін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар цифрлық технологияларды дамыту және Қазақстанның отын-энергетика кешені объектілерінің кибертұрақтылығын нығайту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Көп оқылғандар