Қаржы

Энергетика министрлігі: Қазақстанда жанармай тапшылығы қаупі жоқ

Сурет: istockphoto.com

Қазақстанда жанармай тапшылығы жоқ, дегенмен заңсыз шығарылудың алдын алу үшін көліктердің ел аумағына кіру жиілігіне шектеу сақталады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Вице-министрдің айтуынша, қазір көлік құралдарының Қазақстан аумағына бір реттен артық кіруіне шектеу қоятын бұйрық күшінде. Сондай-ақ Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы жағдай Қазақстанның жанар-жағармай нарығына әсер етпейді.

«Елімізде қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті қалыптасқан. Сондықтан халық үшін жанармай тапшылығы қаупі жоқ», — деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Энергетика министрлігі ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету және жанар-жағармайдың заңсыз сыртқа шығарылуына жол бермеу бағытындағы бақылау шараларын жалғастырады.

Көп оқылғандар