Categories Қаржы

Елімізде тегін дәрілерді заңсыз қайта сатудың 25 мыңнан астам дерегі анықталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілгеннен бері тегін медициналық қамтамасыз етуге арналған дәрі-дәрмектерді заңсыз қайта сатудың 25 мыңнан астам фактісі тіркелді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда таңбалау жүйесі фармацевтикалық нарықтағы дәрілік заттардың нақты айналымын бақылауға мүмкіндік берген. Қазіргі уақытта елімізде шамамен 1 миллиард дәрі қаптамасы таңбаланған. Оның 604 миллионы импортталған өнім болса, 400 миллионға жуығы отандық кәсіпорындарда өндірілген.

Сондай-ақ жүйе арқылы 457 миллионнан астам дәрі қаптамасының түпкілікті тұтынушыға жеткені тіркелген.

Мамандардың айтуынша, цифрлық бақылау жүйесінің басты артықшылықтарының бірі – күмәнді операцияларды автоматты түрде анықтау мүмкіндігі. Соның нәтижесінде тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмектердің дәріханаларда қайта сатылған мыңдаған жағдайы анықталған.

Бұрын мұндай заң бұзушылықтар көбіне тексерулер барысында ғана белгілі болатын. Ал қазіргі таңда жүйе күдікті әрекеттерді автоматты түрде тіркеп, ақпаратты жедел түрде тиісті мемлекеттік органдарға жолдайды.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл жүйе арқылы фармацевтикалық нарықты үздіксіз онлайн режимде бақылауға мүмкіндік туғанын атап өтті. Енді реттеуші органдар дәрілік заттардың өндірісі мен импортының нақты көлемін көріп, әрбір қаптаманың қозғалысын қадағалай алады.

Сонымен қатар жүйе азаматтардан шағым түспей тұрып-ақ тәуекелі жоғары немесе күмән тудыратын операцияларды анықтауға мүмкіндік береді.

Әрбір дәрі қаптамасына қойылатын бірегей Data Matrix коды жалған және контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымын шектеуге бағытталған. Мамандардың сөзінше, тіркелмеген немесе қолдан жасалған дәрілік заттарды сатуға әрекет жасалған жағдайда жүйе оны алғашқы кезеңде-ақ анықтай алады.

Министрлік цифрлық таңбалау жүйесі денсаулық сақтау саласын цифрландырудағы маңызды құралдардың біріне айналғанын атап өтті. Бұл тетік фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттырып, пациенттердің қауіпсіздігін күшейтуге және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасын бақылауды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында көршілес мемлекеттерден дәрілік препараттарды, оның ішінде күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен әкеліп, кейін оларды еліміздің дәріханалар желісі арқылы өткізумен айналысқан 4 фармацевтикалық компанияның заңсыз қызметін тоқтатқан еді.

Ұқсас жазбалар

Маусым айында инфляция 0,8% болып, бірқатар өнім арзандады

Маусым айында инфляция 0,8% болып, тәтті бұрыш, қызылша, жұмыртқа, банан және басқа да өнімдер арзандады.…

Қазақстанда мобильді интернет пайдаланушылар саны азайды

Қазақстанда ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауына байланысты мобильді интернетті пайдаланушылар саны азайған.

Қазақстанда инфляция 10,3%-ға дейін баяулады — Ұлттық экономика министрі

Қазақстанда инфляция 10,3%-ға дейін баяулады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді.