Қаржы

Елімізде несие берешегін реттеуге арналған платформа іске қосылды

Сурет: Gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған бірыңғай цифрлық платформаны әзірледі. Бұл платформа 1 шілдеден бастап медиация тәртібімен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша банк және микроқаржы омбудсмандары негізінде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Платформа Finkelisim.kz деп аталады. Жаңа сервис бір уақытта бірнеше кредитор – банктер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлық агенттіктер алдында тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.

Енді қарыз алушыға әрбір кредиторға жеке-жеке жүгіну қажет емес. Платформада олардың алдында міндеттемелері бар барлық кредитор қарайтын бір өтініш беруге болады.

Медиатордың қызметтерін қоспағанда, қарыз алушының ұжымдық реттеу рәсіміне қатысуы тегін. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиатордың қызметтеріне төленетін шығыстар банк және микроқаржы омбудсмандарының есебінен өтеледі.

Finkelisim.kz платформасы қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинайды және жолданымды қарауға қажетті ақпаратты қалыптастырады.

Жолданымды қарау және кредиторлармен талаптарды келісу нәтижелері бойынша қарыз алушыға 5 жылға дейінгі мерзімге, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін.

Платформада өтінішті бір уақытта белгілі бір өлшемшарттарға сәйкес келетін қарыз алушы бере алады. Ұжымдық реттеу рәсіміне кейбір қарыздары бар қарыз алушылар қатыса алмайды.

Қарыз алушы алдымен платформада тіркелуі, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Осыдан кейін берешекті реттеуге өтініш беруге болады.

Платформа кредиттік бюроның деректері бойынша қарыз алушының ұжымдық реттеу шарттарына сәйкес келетіндігін автоматты түрде тексереді. Егер сәйкес келсе, платформа реттеу аясына енгізілуі мүмкін кредиттер тізімін жасайды және бұл ақпаратты кредиторларға жібереді.

Кредиторлар қарыздар бойынша мәліметтерді тексереді және берешек мөлшерін растайды. Содан кейін платформада қарыз алушыға қол қою үшін құжаттар жіберіледі: омбудсманның шешімі бар хаттама, қарызды өтеудің бірыңғай кестесі, медиатормен шарт, сондай-ақ әрбір кредитормен медиативтік келісімдер.

Қарыз алушы ұсынылған шарттармен танысып, платформада 72 сағат ішінде құжаттарға қол қоюы керек. Егер осы мерзімде қол қойылмаса, бұл реттеу рәсіміне қатысудан бас тарту болып саналады.

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар реттеу рәсіміне енгізілген кредиттер бойынша берешекті өндіріп алуды тоқтата тұрады. Қарыз алушы бірыңғай кесте бойынша төлемдерді енгізеді, ал платформа ақшаны берешек мөлшеріне теңбе-тең кредиторлар арасында бөледі.

Ұжымдық реттеу рәсімін қолдану және оның аяқталуы туралы ақпаратты кредиторлар кредиттік бюроларға жібереді. Егер қарыз алушы қол қойылған келісімдердің шарттарын орындамаса, кредитор төлемдердің 40 күн мерзімі өткеннен кейін заңдарда белгіленген тәртіппен берешекті өндіріп алуға құқылы.

Қарыз алушының берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне қайтадан қатысуына жол берілмейді. Кредиттер бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ қарыз алушылар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңда көзделген шарттарға сәйкес келген кезде соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш беру туралы мәселені қарауға құқылы.

Бірыңғай кесте қарыз алушының берешегінің жалпы сомасын ескере отырып қалыптастырылады. Жалпы шарттарда қарыз алушылар үшін белгілі бір жағдайлар көзделген, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін неғұрлым жеңілдетілген жағдайлар қарастырылған.

Көп оқылғандар