Қоғам

Электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынды: полиция бақылауды күшейтті

Сурет: Egemen Qazaqstan

Елімізде электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге заң жүзінде тыйым салынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы жылдары бұл мәселені тұрғындар жиі көтеріп жүрді. Тротуарда ең алдымен жаяу жүргіншілер өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Бұл әсіресе балалар, қарттар және баламен жүрген ата-аналар үшін өте маңызды.

Статистика да мәселенің өзекті екенін көрсетіп отыр. Жыл басынан бері электросамокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапты.

Электросамокаттарға тыйым салынып отырған жоқ. Тек оларды қай жерде және қандай тәртіппен пайдалануға болатыны нақты белгіленді. Полиция жаңа талаптардың сақталуын толық бақылауға дайын.

Бақылау тек көшедегі патрульдермен шектелмейді. Бейнебақылау камералары, техникалық тіркеу құралдары және дрондар пайдаланылады. Ал ірі қалаларда электросамокатпен жүретін полицияның мобильді топтары жұмыс істеп жатыр. Бұл оларға самокаттар көп жүретін жерлерде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сондықтан полиция қызметкері көрінбесе, бақылау жоқ деген сөз емес. Құқық бұзушылық техникалық құралдар арқылы да тіркеліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданады.

Электросамокаттарды жалға беретін компанияларға талап қойылды. Барлық операторлардың жаңа ережелер туралы хабары бар және оларды орындауға міндетті.

«Біздің басты міндетіміз — жаңа талаптардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Тротуар жаяулар үшін қауіпсіз болу керек, ал электросамокатты пайдаланушылар белгіленген тәртіпті сақтауы қажет. Бұл өзгерістердің артында қоғамның қауіпсіздікке деген сұранысы тұр. Ендігі міндет — жаңа талаптар сақталуы қажет. Полиция өз тарапынан тиісті бақылауды қамтамасыз етеді», деп атап өтілді ІІМ-де.

Көп оқылғандар