Сурет: Спорт комитеті
Швейцарияның Лозанна қаласында өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қазақстандық дзюдошы Абылайхан Жұбаназар алтын жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
81 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевті жеңді.
Жұбаназардың жарыстағы жолы: алғашқы айналымда чехиялық Петр Младиді, кейін украиналық Владислав Колобовты, грузиялық Заур Двалашвилиді, ресейлік Егор Сухопаровты және жартылай финалда БАӘ спортшысы Георгий Елбакиевті артқа тастады.
Бұл Абылайханның мансабындағы екінші Grand Slam финалы. Бұған дейін ол 2023 жылы Тбилисиде өткен Grand Slam-да күміс жүлдегер атанған еді.
Айта кетейік, 28-30 тамыз аралығында өтетін бәсекеге 77 елден 513 спортшы қатысуда.
