Сурет: istockphoto.com
Қазақстанда 2 шілдеден бастап докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құжаттарды 3 тамызға дейін тапсыруға болады. Өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының сайтында тіркеу қажет. Үміткерлер тек бір жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламалары тобын таңдай алады.
Өтінішті жеке кабинет арқылы 3 тамызға дейін өңдеуге немесе жоюға болады. Емтиханның өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетінде 9 тамызда жарияланады.
Қабылдау емтиханына білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтары кіреді. Емтиханның ең жоғары бағасы – 100 балл. Оның ішінде: әңгімелесу – 30 балл, эссе – 20 балл, бейіндік емтихан – 50 балл.
Мемлекеттік грант бойынша да, ақылы негізде де конкурсқа қатысу үшін шекті балл – 75. Докторантураға түсу үшін талапкерлер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификатты, сондай-ақ кемінде В1 деңгейіндегі шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты ұсынуы қажет.
Бұл талап «Дене шынықтыру педагогтерін даярлау», «Музыка педагогтерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» және «Орыс тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілерге қолданылмайды. TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер емтихан басталғанға дейін ағылшын тілі бойынша қосымша тестілеуден өтуі тиіс.
2026 жылдан бастап ғылыми зерттеу жобасы (Research Proposal) және соңғы үш жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болса) талап етіледі. Сондай-ақ талапкерлер бейіндік докторлар бағдарламаларына, оның ішінде Industrial PhD және DBA (Doctor of Business Administration) бағдарламалары бойынша да түсе алады.
Бұл бағдарламаға түсушілерден шет тілі сертификатының белгілі бір деңгейі талап етілмейді және олар эссе жазбайды. Бейіндік докторантураға арналған емтиханның ең жоғары бағасы – 80 балл: кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыным хаты (болған жағдайда) – 5 балл. Шекті балл – кемінде 50.
Өтініштерді қабылдау 3 тамызға дейін жалғасады. Қабылдау емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді.

