Спорт

Дастан Сатпаев Англия чемпионатында алғаш рет негізгі құрамда ойнады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев Англия чемпионатындағы алғашқы матчын негізгі құрамда бастады. Алайда оның командасы сырт алаңда «Норвичке» 1:4 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Бернли» Чемпионшиптің үшінші турында «Карроу Роуд» стадионында «Норвичпен» кездесті. Матч қонақтар үшін сәтсіз басталды: екінші минутта Мохаммед Туре есеп ашты, ал үш минуттан кейін Андре Брукс алаң иелерінің басымдығын еселеді. 21-минутта Туре дубль жасап, «Бернлидің» жағдайын қиындатты.

Қонақтар 27-минутта Джош Лоранның голымен есеп айырмасын қысқартты, бірақ теңестіре алмады. Екінші таймда Андре Брукс тағы бір гол соғып, матчтағы соңғы есепті белгіледі — 4:1. Кездесу соңында Джош Лоран екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды.

18 жастағы Дастан Сатпаев матчты негізгі құрамда бастады. Бұл оның Англия чемпионатындағы алғашқы негізгі құрамдағы ойыны болды. Шабуылшы нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.

Үш турдан кейін «Бернли» бір ұпаймен Чемпионшип турнирлік кестесінде 21-орында тұр. «Норвич» үш ұпай жинап, 15-сатыға көтерілді. Еске салайық, Чемпионшиптің 2-турында «Бернли» «Вест Бромвичке» 1:3 есебімен ұтылған еді.

Көп оқылғандар